Ізденіс жолында жүргенімде Бодо Шефер15, Роберт Кийосаки16 сияқты авторлардың кітаптары қолыма бірінші болып түсті. Олар шынында да, мықты мотивация береді, болашаққа сенім сыйлайды, ертеңгі өмірің қандай болатынын әдемілеп, әсерлендіріп суреттеп береді. Бірақ, бұл кітаптардың бірінші «минусы», олар сенің ертең қандай болатыныңды айтады. Арманда, мақсат қой, мотивацияң болу керек, еңбектен, сонда жетістікке жетесің дейді. Алға қадам жасауға дайын тұрғаныңда, неден бастайтыныңды білмей қаласың. Яғни, бұл кітаптар нені және қалай жасау керегін белгілеп бермейді. Көбіміздің мотивацияны жинап алып, іске келгенде еш нәрсені жүзеге асырмауымыздың себебі осында. Тауды да қопарып тастауға дайын болғаныңда, не істейтініңді білмейсің. Ал мен өзім көп ойландым, көп зерттедім. Батыс моделіндегі кітаптардың көбі мотивация беру үшін жарамды екені күмәнсіз, бірақ менің түсінгенім, қазақтарға, әр қадамның жазылғаны, неден кейін нені жасайтыны белгіленіп, айтылғаны жағады. «Біріншіден, компанияның атын ойластыр, екіншіден, салаңды таңда, үшіншіден, нарықты зертте» дегендей. Сондықтан да жылдар бойы өзім қолданған, өзіміздің менталитетке
сай жеңіске жетудің «қазақша» моделін ойластырдым. Ұзақ жыл бойы өзімді дамыту, минустарыммен күресу, армандау, тағы да басқа барьерлер (кедергілер) мен дайындықтар арқылы өтіп, қазіргі күні жеңіс жолында келемін.
БАТЫСТАҒЫ МОДЕЛЬ VS ҚАЗАҚША МОДЕЛЬ
Батыста идеалды әлемд i құрып, оны сенің әлеміңмен байланыстырады. «Барлығы өз қолыңда», «Сен мықтысың», «Визуализация жаса» дейді, мотивация береді. Адам армандайды, соның барлығын қалайды, көз алдына елестетеді, бірақ бұдан нәтиже шықпайды. Оның салдары депрессия!
Ал негізінде бізде қалай? Қазіргі сен мен сенің мінсіз нұсқаң бар. Яғни, сен идеалды әлемге ұмтылмайсың, керісінше бойындағы адыраспандармен, кемшіліктермен күресіп, өзіңді дамытып, мінсіз нұсқаңа ұмтылып, әрдайым даму үстінде жүресің.
ЖЕТІСТІК ЖОҚ ЖЕҢIC БАР. Батыстағы жалпы жетістік теориясы бізге көмектеспейді, өйткені олар жетістікті басты мәселе етіп қарастырады. Жетістіктің не екенін біз біріншіден, түсінбейміз, екіншіден, бізде мақсат жоқ, онда жетістік қайдан болсын? Мысалы, семіз болдың, арықтадың, демек, жетістікке жеттің, ал арықтау сенің мақсатың еді. Демек, мақсат болмаса, жетістік болмайды.
Батыстық жетістікке жету жолы
Жалпы жетістік теориясы
Орыс тілінде «успешный человек», қазақшасы «жетістікке жеткен адам», бірақ біздің менталитет үшін, бұл соншалықты мықты ұғым емес. Ол қазақтардың жүрегіне жетпейді. Мысалы, «Қуаныш Шонбай жетістікке жеткен адам» десе, арғы жағында «не істеді?», «қалай жетістікке жетті?», «соншама кім екен ол?» деген сұрақ туындайды. Ал, «Қуаныш Шонбай Қазақстан бойынша оннан астам мейрамхананың басшысы, мейрамханалар желісінің негізін қалаушы» десе түсінікті және миға қонымды.
Таңертең тұрғанда, «мен жетістікке жеткен адам боламын» емес, «бір межеге жетейін, жеңейін» деп тұрсаң, ол бізге жақындау, біздің менталитетке сай келеді. Оған қоса, жетістік қазақтар үшін қауіпті нәрсе. Бізде, қазақтардың арасында ең мықты спорт түрлерінен екі дүркін олимпиада чемпиондары жоқ. Қазақстандықтар бар, бірақ қазақ емес.
«Неге жоқ?» деген сұрақ туындайтын шығар. Өйткені, олар өз ісін ұмытып, жетістікке жеткеннен кейін, депутат, әкім немесе директор болып кетеді.
Жетістік пен жеңістің айырмашылығы бар, көзге көрінбеуі мүмкін, бірақ уақыт өте келе оны түсінесің. Бір көзбен қарағанда, ол екеуі бірдей нәрсе болуы мүмкін. Мысалы, айталық, «Land Cruizer» автокөлігін алу біреу үшін тағы бір жеңіс, одан кейін күштірегін алады, тағысын-тағы. Ал біреу үшін барлық өмірінің арманы, оған қол жеткізіп, бұл жеңіс жүрегіне түседі, «болды, жетістікке жеттім» деп, сол бір орында қалып қалады. Не істейді? Іше бастайды, тойлайды, құмар ойындарға беріледі, тағысын-тағы. Бұл көзге көрінетін салдары. Көрінбейтіндерден, адамда «қолымнан барлығы келеді», «мен мықтымын» деген сезім пайда болады. Бір жетістік, адамға үлкен күш-қуат береді, ал оның жақсы жағына қарағанда жаман жағы басым болуы мүмкін. Біз үшін бұл өте қауіпті. Ал Батыста олай емес, мысалы, Майкл Фелпс17 жиырма үш дүркін олимпиада чемпионы. Оған «депутат болшы» десең болмайды, себебі, өзі бейімделген, таңдап алған саласы бар. Оларда тәрбие басқа, ал бізде берілетін тәрбие басқа. Сондықтан бізге жетістікке жетуге болмайды, жеңіске жету керек!
Бізде 90% адамда мақсат жоқ, бірақ әрқайсысының бір жауы бар: «осы досыма мен әлі көрсетемін» дейтін. Бәрінің біреуге реніші бар, сол адам бізге нысана. Әрине, көшпенді халықтың ұрпағы болғандықтан, бәлкім, нысана белгілеу бізге оңайға түсетін шығар.
Бізге нақты нысана керек. Қазір адамдардың мақсатын сұрасаң, олар «ақша табу», «көтерілу» деп жауап береді, барлығы абстракциялық нәрселер. Нысана деген бұл нақты көзделген объект.
Алдыңа мақсат қою қиын. Бірақ, осы мақсатқа қол жеткізген соң, көп адамдар жұлдызды ауруға ұрынып, босаңси бастайды. Сондықтан үлкен жетістікке емес, оның жолындағы кішігірім жеңістерге ұмтылу керек.
«МАҚСАТ ҚОЮ» ӨЗІҢДІ ШЕКТЕУ. Жақында ғана Астана қаласында оныншы мейрамхананы аштық.