Ең қызығы, бизнесте де осы қағидаларды ұстануымыз «Rumi»-ді танымал етті ғой деймін. Бизнесте де алдымен тауардың сапасы, одан кейін оның «орамасы», визуалды эстетикалық әсері маңызды.
Маған кәсібін енді бастап жатқан, не ісі бар кәсіпкерлер бизнес туралы, оның ішінде маркетинг туралы сұрақтарымен көп келеді. Әрине, бәрі барлық проблемаларын шешетін қарапайым сөздер мен фразаларды күтеді. Шындығында маркетинг буклеттердегі сиқырлы лозунгтер емес немесе бизнестегі құпия трюк, компьютердегі жасырын программа емес. Бұл ең алдымен өз қолданушыларыңның қажеттілігін түсіну, сол қажеттілікті өтеу, оларға жақсы өнім беру жолындағы тынымсыз еңбек.
Бәсекелестеріңнен бар өнімді аласың, оны тура сол бағаға сатасың, бірақ үстінен өзің он мың теңгенің сезімін қосасың. Тағы нақтылап айтайын, сезімін қосасың.
Егер орта бағадағы мейрамхана ашсаң, ыдысың, дастарқан, орындықтар, санфаянс, салфетка, қол жуатын сабыныңа дейін қымбат мейрамханадағыдай болсын.
Егер қонақ үй ашсаң, «Ритц Карлтондағыдай» бәрін өз мәнеріңде жасайсың, бірақ бағасын аспандатып жібермейсің.
Егер көп ақша тапқың келсе, көп ақша табатын адамдарға қарап, солар сияқты киін. Егер бизнесіңді дамытқың келсе, өзіңнен қымбат бизнестерге қара. Солар істегенді істе. Сырт келбетің олардан кем түспеуі керек. Өйткені, сырт келбет адамның эмоцияларын тудырады. Біз алдымен көзбен ұнатамыз. Тамақ алдымызға келгенге дейін-ақ бұл дәмханаға екінші рет келетін-келмейтінің жайында шешім қабылдайсың. Ал егер оның палауы дәмді болып шықса, мынадай дизайн мен баға үшін, әрине, міндетті түрде қайтып келесің.
ІШКI КОМПЛЕКС ЖЕҢIC ҮШІН ТАПТЫРМАС ҚАЗЫНА
Кез келген ауруды емдеу диагностикадан басталады. Диагнозы анықталмаған ауру ең жаман ауру.
Бір ауруды емдемес бұрын оның түптамырын қайдан, қалай пайда болғанын білу керек, бұл айтпасаң да түсінікті.
Адамның өз бойындағы кемшіліктерімен күресетіні табиғатында бар және ол кемшіліктердің де тумысынан бар екенін мойындау керек, рас. Бірақ, «қандай кемшілікпен күресу керек?», «қай аурумен күресу керек?» деген сияқты. Ал комплекс бұл дайын тұрған диагноз. Ол өте айқын көрінеді, сондықтан да есіңді жинап бір қарасаң, комплексовать етіп жүргеніңді өзің сезесің.
«Комплекс таптырмас қазына» дегенім, шартарапты айналып, психологтың немесе өзге маманның көмегіне жүгінбей-ақ өз минусыңды көріп, онымен күресе аласың. Ал бұл жолдағы негізгі құралдар сол комплексті қабылдау және онымен жұмыс жасау. Көбінесе комплекстің екі түрі барын байқадым: біріншісі, бойына, түр-сипатына байланысты комплекс, екіншісі, «менің қолымнан келмейді», «бұл өмірде мен ешкімге керек емеспін» деген.
Қазіргі таңда заман өзгеріп, технологиялар дамып жатыр, сондықтан барлығынан бірдей болмаса да, сыртқы келбетке қатысты комплекстен арылуға болады. Бұнда мен барлығыңызға дене бітіміңізді немесе комплексіңізді хирургиялық немесе басқа да жолдармен өзгерту туралы айтып жатқан жоқпын. Бірақ, егер ол сенің өзіңе деген сенімділігіңді арттырса, басқаша өмір сүруге көмектессе, неліктен көрмеске? Өзгертуге болатын комплекстер болса, олармен күресесің, ал егер бойыңның ұзындығы немесе қысқалығы сияқты комплекстер болса, оны жай ғана қабыл аласың және мойындайсың. Мені балалық шағымнан «қазанбас» деп атады, ондай басты мен таңдап алған жоқпын, тез сөйлеуді де сұраған жоқпын. Әрине, тез сөйлеудің кесірінен тікелей эфирге шығуға қысылатынмын, елдің барлығы «жай сөйлеңізші» десе, бұның барлығы бір жағымсыз сезімдер ұялататын. Бірақ, түйеқұс сияқты басыңды құмға тыға бермей, бұл нәрселердің бар екенін мойындап, күресу керек.
«Менің қолымнан ештеңе келмейді» дегенді сенен басқа ешкім білмейді, ол сенің ғана басыңда туындаған ой.
Халыққа қызмет көрсету орталығына барсам, «Қуаныш Шонбайдың қолынан түк келмейді» деген анықтама бермейді ғой. Бұл анықтаманы сен өзіңе-өзің бергенсің, демек, оны өзгерте аласың, ол сенің қолыңда.
Әлеуметтік желіде жүргізген сауалнамада адамдардың 90%-ы орыс тілін жетік білмейтіндігін комплекс санап, оны мақсатқа жету жолындағы кедергі деп қабылдайды. Бетіне безеу шықты, көйлегіне кофе төгіп алды, аузынан иіс шығады, бойы кішкентай бұның барлығы комплекс. Жеке-жеке қарастырсақ,
болмайтын нәрсе. Бірақ, адамдар бұл мәселенің шешімін іздестірмей, әдемілеп шетелдің сөзімен «комплекс» деп айтады да, қояды.
Комплекстерге белшесінен батқан адам басқа нәрсе туралы ойлай алмайды. Көзбен көріп, қолмен ұстатар себеп болмаса да, өзін кем санайды. Ұлы адамдардың бәрінде комплекс болған. Бірақ олар сонысымен күрескен, жеңген. Ұлы адамның бәрі бай мен бағланның, граф пен патшаның баласы емес. Ұлы адамның бәрі Эйнштейндей10 ақылды емес. Олардың бәрі Майкл Джордандай11 спорт жұлдызы емес және олардың бәрі Голливуд әртісіндей сұлу емес. Бірақ, олардың есімдері ұлы тұлға ретін де тарихта қалды. Өз комплекстерін жеңе білуі оларды ұлылыққа жеткізді.
Ең қызығы, комплексі көп адамдардың жетістікке жету рейтингі көп. Сенде де кемшілік бар, менде де бар. Өйткені, комплекс кемшілікке қарағанда көзге көрініп тұрады. Менің комплексім орысша акцентпен сөйлейтінім еді. Ауылда өскенмін. Нина деген магазин сатушысы бар, жалғыз орыс адам. Оның өзі қазақша сөйлейді. КВН, кино, орысша әңгіменің бәрін түсінемін. Бірақ сөйлей алмаймын. Акцент ұрып тұр. Ұяламын.