Шонбай Қуаныш - Екінші болма стр 10.

Шрифт
Фон

Ең қиыны, әрбір адам «иә, мен қырсықпын» немесе «жалқаумын» деп мойындай бермейді. Ал негізінде, бұл сен және сенің ар-ожданың арасындағы әңгіме. Осы тақырыпты ұзақ зерттедім, көп оқыдым, сондықтан бірден айтамын, адыраспандардан арылудың жолдары өте қиын.

Жеңістің адыраспандары

Комплекс туралы «Ішкі комплекс жеңіс үшін таптырмас қазына» деген тарауда егжей-тегжейлі жаздым. Есіңде болсын, комплекс диагноз және таптырмас қазына. Егер онымен күресе білсең, ол сені алға қарай итермелейтін мықты күшке айналады.

Сенімсіздік әдетте, балалық шақтан бастау алады.

Сондықтан құрметті ата-аналар, балаңызға тәрбие бергенде, оны өзіне сенімді етіп өсіріңіз. Ол өз мүмкіндіктеріне, ақыл-парасатына, күшіне сенімді болуы керек. Ертеңгі күні, әрдайым балаңыздың орнына шешім қабылдап, оның артынан жүгіріп жүрмейсіз ғой. «Балам, саған сенемін. Бүгін 3 алыпсың, бірақ кішкене ғана тырыссаң, ертең 5 деген баға аласың», десеңіз, оның өзіне деген көзқарасы өзгере бастайды. Нәтижесінде, ертең өскенде бір адыраспан кемиді. Өмір жолында адамдардың барлығы да қиындықтарға тап болады, әрбіреуі онымен күреседі. Бұл өмірде тек сен ғана өзіңе сенімсізсің, сенің ғана қолыңнан келмейді, ал басқалар мықты деп ойлама. Әр адамның бойында қорқыныш, үрей, өзіне деген сенімсіздік болады, оны жеңіп шығу, жеңіске жету жолын жалғастыруға мүмкіндік береді. Ата-анаңды, қоғамды, тағдырды бұл үшін кінәлама, ал да жаса, яғни күрес. Бір-екі рет ұрынғаннан кейін иммунитет пайда бола бастайды, сенімділік артады.

Бір күні үлкен ғұлама адам тыныш жерде ойланғысы келіп, көлдің жағасында отырған екен. Жанына бір ит келіп, су ішпекші болады. Суға жақындайды да, қайта артқа қашады. Бірнеше рет суға келеді, қайтадан шегінеді. Бір кезде шыдай алмай, шөлдегені соншалық суға секіреді. Сонда, ол ит өзінің судағы бейнесінен өзі қорыққан екен.

Сенімсіздікті қазір жеңсең, ертеңгі күні ол саған

ешқандай қиын мәселе тудырмайды, барлығы өз қолыңда. Өзіңе сенімді болсаң, нәтиже де болады. Сенімсіздікті жеңу бұл бір сапар сияқты. Себебі, оны бір рет жеңу жеткіліксіз, бір іс қолыңнан келмесе, бір нәрсе ойыңнан шықпаса, бірден өзімізге сенімсіз болуға бейімбіз ғой. Бұл жолдағы үлкен жанармайымыз майда жеңістеріміз. Мысалы, бұзылып жүрген ұйқыңның режимін дұрыстау, кешігу әдетінен арылу, паразит сөздерді қолданумен күресу, жаңа тіл үйрену, кітапты оқып бітіру, тағы да басқа. Бұл жеңістер кішкентай болғанымен, оның артындағы сезімдер үлкен. Сондықтан да, сенімсіздік пен комплексті жеңудегі бір және бірегей таптырмас құрал майда жеңістер.

Қырсықтық екіге бөлінеді: адам мінезіндегі қырсықтық және үйренуге деген қырсықтық (жаңаны қабылдамау).

Мен тез сөйлеймін, кейбір адамдар не айтып жатқанымды түсінуге үлгермей қалады. Сондықтан дикция, дауыс қою дәрістеріне жазылдым. Бірақ, бұл кемшілігімді (деп атайық), сегіз мейрамханам болғанда ғана түзеуге бел будым. Осы уақытқа дейін оны комплекс деп есептемедім және ол маған мейрамхана ашуға, бизнес жасауға кедергі болған жоқ. Егер қырсығып, арнайы дәрістерге бармасам, өзіммен жұмыс жасамасам, бәлкім тренингтеріме бес жүз адам келмес еді ғой.

Танысым болуы мүмкін, ақшам болуы мүмкін, бірақ егер қырсығып, «мен мықтымын, қалай болсам, солай қабылдаңыз» деген принципті ұстанып, түсініксіз, тез сөйлесем, QAZAQSTAN телеарнасында реалити-шоу ұйымдастырып, оны жүргізуге мүмкіндігім болмайтын еді.

Тағы бір мысал: інім Дархан екеуіміз приставкамен үйде отырып футбол ойнағанды жақсы көреміз. Дархан әр ойын сайын ұта беретін, мойындауым керек, ол маған қарағанда жақсы ойнайтын. Сол кезде жеңістің адыраспандарын зерттеп жүрген шағым еді. «Жұмыс істеймін, уақытым жоқ, сондықтан жақсы ойнай алмай жүрген шығармын», деп өзіме адвокат болып, өз өзімді ақтаймын. «Дарханның FIFA ойнауға уақыт тауып жүргеніне қарағанда, жұмысы соншалықты қиын емес шығар» деп оған прокурор болдым. Сөйтіп жүріп, мәселенің жай-жапсары өзімді ақтап, оны даттауда емес, өзімде шығар деп ойландым. Бір күні қонаққа бөлем келді де, Дархан екеуімізді қоса сегіз рет қатарынан ұтты. Намыстанып, шыдамай, ойыннан шығып кеттім.

Дархан қызуқанды жігіт, әрі қарай ойынды жалғастырды, бірақ жеңіліп қалды. Ойындары аяқталғаннан кейін, бөлемді шақырып алдым да: «Үйрет», дедім. Сөйтсем, еш қиындығы жоқ. Екі-үш айла-тәсілі бар екен, үйреніп алдым. Бірнеше күн өтті, бөлеміз үйіне қайтты, жеңілген Дарханның ашуы тарқады. «Қуаныш жүр футбол ойнайықшы», деп шақырып алды. «Жарайды», деп келісе кеттім. Қатарынан бес рет менен ұтылды. Егер, Дархан да мен сияқты, бөлемізден ойын тактикасын үйреніп алса, бәлкім, жеңілмес пе еді? Бірақ, бөлең сенен кішкентай болғандықтан, одан сұрағың, әлсіздігіңді көрсеткің келмейді ғой. Сондықтан қырсықтығың ұстай бастайды.

Кейін Дархан да әдіс-айланы үйреніп алды, қазір футболды керемет ойнайды.

Айтайын дегенім, осы жеңiстiң адыраспаны сені жеңіске жету жолында бөгейді. Бұл жаман қасиетті мойындау керек және оны жеңу үшін әрекет жасау керек.

Кез келген спорт түрінде, ойында жеңіске жете алмаған адам, өмірде де ешқандай нәтиже көрсетпейді. Бұл «смартфондарыңа ойын жүктеп, күні-түні ойнаңдар» деген сөз емес. Мәселе адамның мінезінде. Егер ол, намыстанып, тырысып, талпынып, ойында, спортта белгілі бір дәрежеге жетсе, өмірде де солай болады.

Ваша оценка очень важна

0
Шрифт
Фон

Помогите Вашим друзьям узнать о библиотеке

Похожие книги