Осман империясында эгоның кесірінен, «өзімді көрсетемін» деген сезімнің кесірінен дұрыс шешімдер қабылданбай қалуы мүмкін деген себептен генералдарды соғысқа жібермес бұрын, олардың эгосымен күресу үшін дәретхананы жуып шығуды тапсырады екен. Рас-өтірігін білмеймін, бірақ бұл мысалда әңгіменің шындығы маңызды емес, алуға болатын сабағы маңызды. Сарайдағы адамдар генералдардың дәретхана жуатынын біліп, «генералдың соншалықты төмендеп кеткені ме, әлде қатты қателескені ме» деп ойлапты. Адамдардың ол ойын көздерінен оқып қойып, әп-сәтте эгосы «ұстап қалғанын» түсінген генерал, дәретхананы сақалымен жуып шығады екен.
ЭГО, ҚЫРСЫҚТЫҚ, САСЫҚ КӨКIPEK адамға осы жаман мінездердің тигізетін залалы,
нашақорлық, алкоголизммен тең, одан асып түспесе кем емес.
Осы жаман әдеттерді біздің қазақ кейде «мінез» дейді.
«Мінезі ауыр», «мінезі үшін жұмыстан шығып калды», «мінезі бар жігіт қой» және т.б. Білесіз бе, осы «мінез» үшін талай адам генерал болған жоқ, осы «мінез» талай адамды банкротқа ұрындырды, мінездің кесірінен талайы әкім бола алмады. Оқыған адам, ақылды, өз ісінің шебері, белгілі бір жеңіске қол жеткізуі керек еді, бірақ нәтиже жоқ, мінез кедергі болды.
ЖАЛҚАУЛЫҚ ПЕН ЕРІНШЕКТІКТІҢ айырмашылығын білесің бе? Бір қарасаң, бірдей секілді. Бір ғана мысал келтірейін: Ерлан жалқау. Қанша айтсаң да әрекет етпейді, жұмыс істемейді, айтқаныңа көнбейді, бұл жерде жалқаулық ауру індет сияқты. Ал осы Ерлан: «Әке, мен ерініп тұрмын» десе, әкесі оның тас-талқанын шығарып, ерінудің неге алып келетінін көрсетеді. Көп ерінсең, жалқау боласын. Демек, жалқаулық еріншектіктің ең жоғарғы сатысы. Онда, неге жалқаулықты жеңе алмаймыз? Себебі, жалқаулық жоқ нәрсе. Көп ойландым, неге орысша «ленивый», ағылшынша «Іazy», түрікше «tembel» бірақ сөз. Сөйтсем, еріншектіктен жеңіліп қалу біртүрлі, сондықтан еріншектікті ақтап алу үшін, бiздiкiлер жалқаулық» деген сөзді ойлап тапқан.
Спортшы достарың бар болса, білетін шығарсың, олар қарсыласын әрдайым мақтайды. «Ол күшті», «Спорт шеберінің кандидаты», «Үш дүркін чемпион», яғни жеңілсе күшті қарсыластан жеңілгенін көрсетеді, ал жеңсе өзінің одан да мықты екенін дәлелдейді. Бұл психология. Сол сияқты, «еріншектіктен жеңіліп қалдым» десең бір түрлі, ал жалқаулықты жеңе алмасаң барлығы түсінікті.
Кітаптың бұл бөлімінде жеңістен алыстататын адыраспандарды тізіп шықтым. Енді олармен күресу жолын қарастырайық.
АДЫРАСПАНДАРДАН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ немесе МОЙЫНДAУ ТУРАЛЫ ШЫНДЫҚ
Адыраспандардан құтылу қиын деп жатамыз, ал негізінде оны қиындататын өзіміз. Бойымыздағы кемшіліктерден құтылудың жақсы тәсілдері бар: оның біріншісі және негізгісі мойындау.
Қызды киноға шақырмағандығың неден? Саған ұнамағандықтан ба? Әлде, өзіңе деген сенімсіздіктен бе?
«Екінші болма!» тренингін де, кітабын да дайындау барысында көптеген проблемаларды тыңдап, оларды халыққа айтып, жоғымызды жоқтап, шынайы көзбен қараудың бізге қиын түсетінін байқадым. Осы тренингпен бір қалаға барып: «Біздің қандай проблемаларымыз бар?», деп сұрағанымда, екі адам орнынан тұрып кетіп қалғаны есімде. Сахнада тұрғанда, олардың көздерінен қандай да бір проблемалардың бар екенін естігісі келмейтінін байқадым. Қырсықтық туралы айтқан кезімде, орындарынан тұрды да, кетіп қалды. Сонда байқағаным, мойындау бізге қиын, ал мойындаудың қиын екенін мойындау, ол үлкен ерлік.
Мойындау да оңай болып көрінгенімен, ерік-жігерді талап етеді. Себебі, мойындаудың артында әлсіздігіңді қабылдау, эго мен сасық көкіректің араласынан пайда болған менмендік сезімдер жатыр. Бұл айтылуы жеңіл, ал жасалуы қиын тәсіл, бәлкім оның себебі мойындаудың оңай болып көрінетіндігінде шығар.
Джим Коллинз18 «От хорошего к великому. Почему одни компании совершают, другие прорыва нет» деген кітабының отыз тоғыз бетін мойындау тақырыбына арнаған. Қарап отырсаң, кәсіпкерлікке қатысты кітап, менеджментке деген жаңа көзқарас тудыратын кітап, онда он есе дамыған, табысты болып есептелген компаниялар туралы айтылады. Ал осы он есе дамыған компаниялардың ортақ қасиеті, ол мойындай алуында делінген.
Сондықтан сен де, мойындау керек екенін қабылдасаң, әрі қарай оңай болады. Себебі, адыраспандардан құтылудың алғышарттарының бірі осы мойындау.
ЕКІНШІ, адыраспандардың сені неден шектейтінін есепте. Жақсы бизнеске ақша салудың орнына, қырсығып, әріптесіңе мінезіңді көрсеткің келіп, шығынға әкелетін бизнеске ақша құйдың. Нәтижесінде банкрот болдың. Кімге, нені дәлелдегің келді? Нәтиже қандай?
ҮШІНШІ, рационалды ойлау жүйесін қос. Өзіңнің сасық көкірегіңнің кесірінен сенің жеке көлігің жоқ, сондықтан автобуспен жүресің. Ал негізінде, жарыңның ағасы қарызға берем деген сол ақшаны алғанда, бизнесіңді дөңгелетіп, қарызды пайдасымен қайтарар едің. Кәсіпкер деген формада, жеке көлік те, туыстардың назары да өзіңде болар еді.
ТӨРТІНШІ, адыраспандармен күрес. Еріншектікті жеңуге келетін болсақ, бұл оп-оңай.
Ерініп тұрған Қуаныш пен ерінбей тұрған Қуаныштың арасы әрекет. Егер ол әрекет жасаса, демек, еріншектікті жеңгені. Мен істеймін деп, ерінбей әрекет жасау бар-жоғы
бес-ақ секунд уақытыңызды алады. «Momentum» деген түсінік бар. Ол 3 7 секунд аралығы. Осы уақыттың ішін де шешім қабылдауың керек. Сондықтан ерініп тұрған кезің мен ерінбей тұрған кезіңнің арасы бес-ақ секунд, осыны ұмытпа.