Неге бізге қатысы жоқ мәселеге бұлқан-талқан болып, күйіп-пісіп, энергиямызды кетіріп, уақытымызды жоғалтамыз? Басқаға уақыт тапсақ, неліктен өзімізге уақыт таппасқа?
Менен көптеген азаматтар: «Қуаныш мырза, қалайша осыншама кітап оқисыз?», деп сұрайды. Жауабым оп-оңай: біреуді өсектемесең, жаңа әліпби ойлап таппасаң, бостан бос уақытыңды алатын таныстардан құтылсаң, онда кітап оқуға да уақытың жетеді.
Алдыңғы жылы алпыс екі кітап оқып шықтым, осы жылы жетпіске жеткіздім. Кітап оқу өзіңді дамытудың негізгі құрамдас бөлігі, осыны ұмытпа. Уақытты зая кетірмей, кітаптан білім нәрімен сусындап, шөліңді қандыр. Ескертетінім, кітаптың соңында, маған пайдасы тиген кітаптар мен фильмдердің тізімін беремін, кәдеге жарар деп ойлаймын.
Тағы бір мәселе біз өзімізге «адвокат», ал біреуге «прокурормыз». Қазір біреуге кішігірім болса да сын айтып көрші, мысалы, «Неге кешіктің?» десең, өзін ақтап алу үшін елу екі сылтау ойлап табады. Ал кешігіп баршы, «неге біреудің уақытын бағаламайсың?», «ерте шықпадың ба», «өзінше болып кетіпті» дегендей, бұған да елу екі сын тауып береді. Біреудің бойынан мін іздегенше, өзіңді түзет, мінсіз нұсқаңа талпын. Өзгемен емес, өзіңмен жарыс!
«Versus» академиясында талай дәріс өткізіп, кейстерді қарастырдық. Бес жүз мың теңге алып (иә, бір адамнан, демек, оның ақшасы бар), он мың теңге алып та, тегін де тренинг өткіздік. Үңіліп қарасақ, бәрінде мәселе бір көп адамда мақсат жоқ! Бірақ бұл қалыпты жағдай. Себебі, мақсатты айқындау қиын нәрсе.
Бізде тағы жетістік жоқ! Қазіргі таңда барлығы да шет тілдерін үйреніп жүр, заман талабына еліктейді.
Курстарға жазылдым, тіл үйреніп жүрмін ғой деп өзін алдайды, түбінде ештеңе шықпайды. Ал шын мәнінде, жұрттан қалмау үшін емес, өзі үшін оқыса, IELTS 7 балл алса, жылына үш мың сөз жаттаса, міне, бұл жетістік. Тағы бір айтып өтетін мәселе бізде мотивация жоқ.
Маған келетін адамдардың 80%-ының айтатыны: «Қуаныш аға, маған мотивация беріңізші». Келіп, палау сұраса берер едім, ал мотивация деген кейде бар, кейде жоқ нәрсе ғой.
Қазіргі заманда ең қиын кезең ол жазғы және қысқы демалыс уақыты. Достарыңның барлығы қыста Тайландқа, ал жазда Түркияға демалуға кетеді. Сенің де барғың келеді-ақ, бірақ мүмкіндігің жоқ. Басқаларға әрине, «ақша жоқ» деп айтпайсың, «уақыт жоқ» дейсің.
Бизнесте сәтсіздікке ұшыраған жағдайда «бұйырмады», «көз тиді», «тағдыр жазбады» деген әңгімелер айтылады. Оның себебін өзінен көрмейді, өзге біреуге немесе басқа бір жағдайға жаба салады.
Қарызға белшеден бату, кредит бұл да, қазіргі таңда өте өзекті де, өміршең мәселелердің бірі. Кредит кімде жоқ дейсің, барлығында бар.
Instagram-ға бір қыз жазады:
«Қуаныш аға айына он жеті мың кредитім бар еді, соны төлеп беріңізші» деп, санап көрсем, кредиті жүз елу мың екен. Әрі қарай оқуға оңай болу үшін, ол әңгімені диалог түрінде келтірейін:
Ашылып жазып жатыр екенсің, бізге кел, жұмыс жаса, дедім.
Аға, жастайымнан тұрмыс құрдым, одан соң ажырасып кеттім, қолымнан ештеңе келмейді, деп әлгі қыз жауап қайтарды.
Онда ыдыс-аяқ жуушы бол, он бес күн жұмыс істейсің, айына жетпіс екі мың теңге аласың.
Жоқ, мен Алматыға бара алмаймын, тұратын жерім жоқ.
Тұратын жеріңді реттеп берейін.
Жоқ, әке-шешем бар, оларға қарауым керек, бара алмаймын
Сондағысы, жүз елу мыңды «бере сал» деп тұр ғой. Ал, «не үшін береді», «неге беруі керек» деген сұрақ ол адамда туындамады. Жұмыс бұйырып тұр. Белшеден батқан қарыздан, бітпейтін кредиттен құтылудың бір ғана амалы тұрақты жұмыс. Көсіліп, түсіндірмей-ақ қояйын, өзің де қорытынды жасаған шығарсың, құрметті оқырман
Адамдардың көпшілігі өздерінің армандарынан өздері қорқады. «Неге?», «Бұл қалай болғаны?» деп ойлаймын. Бұған мақсат, мотивация мен жетістіктің жоқтығы себепкер. Өткен жылы QAZAQSTAN ұлттық телеарнасында еліміздегі алғашқы бизнес туралы реалити-шоу ұйымдастырдық, «Үміткер» деп аталады. Онда жеңіске жеткен ең үздік үміткерге бес миллион теңге жылдық жалақы мен қосымша бес миллион теңге сыйақы, яғни барлығы он миллион теңге беріледі. Шын мәнінде, осы қаражатқа қол жеткіземін деп армандап келгендер көп болды. Бірақ басым бөлігі өз арманына сенбей, одан үркіп, жарты жолда жобадан шығып қалды. Арманына қол жеткізе алатындығына сенімсіз адам өзіне-өзі сенімсіз.
Әр нәрсеге алдын ала дайындықпен келгенді жақсы көремін. Сондықтан да ақыл айтпастан бұрын, зерттеу жүргіздім. Өзімнің Instagramдағы @kuantr парақшамда сауалнама өткіздім. «Армандарыңызға жетуге не кедергі?» деген сұрақ қойдым оқырмандарыма. Енді, келген жауаптарға назар аударайық: «Арманға жетуге не кедергі?» деген сұраққа үш жауап нұсқасын жазған Instagram қолданушыларының 81%-ы «жалқаулық ең бірінші кедергі» десе, 67%-ы «ақшаның жоқтығын» себеп қылса, ал 36%-ы «таныс жоқ» деп жауап берді. Үшеуін қосқанда, 100%-дан асып кетеді ғой деп ойланба, есіңе саламын, әр адам үш кедергіден жазып отырды, сондықтан нәтижесі осындай.
Жоғарыда атап өткендей, сен instagram-ға жазған кедергілер, адамның одан әрі дамуына, белгілі бір жеңіске жетуіне бөгет болады дейміз. Ендеше, назарларыңызға антикейс ұсынамын:
Айна Досмахамбетқызы «Rumi Group»-та PR бөлімінің басшысы, үш баласы бар, ажырасқан. Айтып өтетін жайт әйел адам ажырасса, оған қоса балалары болса, оны біздің адамдар қоғамнан сызып тастауға тырысады. Кейде тіпті, бір баламен қалған әйелдердің өздері, қоғамнан алшақтап кетеді. Бірақ Айна ханым емес! Иә, ол ажырасқан, иә, үш баласы бар. Есесіне, ол мықты маман, біздің қызметкер, оған қоса көп саяхаттайды, балаларына ерекше көңіл бөліп, әрдайым өзіне уақыт табады. Жақында Испанияның Бенидорм қалашығына барып, 5,5 км қашықтықты теңізбен жүзіп «OceanMan» атағын алды. «Rumi Group»-та атқаратын қызметі үшін өзінің тұрақты жалақысы бар, дегенмен, үш баланы асырау керек болғандықтан, барлығына жеткізу қиын ғой. Айна ханым «жарысқа барамын» деп алдына мақсат қойды, туристік фирмамен келісті, тегін ары-бері ұшып барып келді, гидрокостюмін сатып алды, әйтеуір, «мотивация жоқ», «болмай қалды» деген сылтаумен өзін ақтап қалуға тырыспады, алды да, жасады. Қолынан келді! Таныс жоқ деп отырмай, ақша жұмсамай-ақ, алдына қойған мақсатына қол жеткізді.