Бір жігіттің оқиғасы есіме түсіп отыр. «Жас кезімде ойландым, бойым кішкентай, түріме келсем, Ален Делон22 емеспін. Әдемі қыздардың барлығы бойы сұңғақ, спортпен айналысатын жігіттерге қарайды. Басқалардан ерекшеленбесем, көш соңында қалып қоямын. Болашақта бәсекеге қабілетті бола алмай қаламын» деп ойлайды. «Өзімді қалай өзгертуім керек?» деген сұрақ қойып, қазіргі таңда ол үлкен жеңістерге жетті, бірнеше кәсібі бар.
Келіссөздер кезінде де үлкен адамдардың дұрыс сұрақ қоя алмауының себебінен, мықты іскерлік келісімдердің жасалмағанын білемін. Оған қоса екі тарап бір-біріне өкпелі болып қайтады. Негізінде, адамның қандай екенін үш-ақ сұрақпен анықтап алуға болады дейді, бұл туралы жазылған кітаптар да көп. Мысал ретінде айтып берейін. «Versus» академиясында оқып жүрген кәсіпкер жігіттермен осы тәсілді қолданып көруді жөн көрдік. Арамыздағы бір жігіт жақын арада инвестормен кездеспекші еді. Сол кездесу барысында қойылатын бірінші үш сұрақты анықтадық. Біріншісі: «Сіздің бұған дейін осындай салаға ақша салған тәжірибеңіз болды ма?» деген сұрақ болды. Бұл сұрақ арқылы алдыңда отырған адаммен әрі қарай сұхбат жүргізу, бизнес жасау керек пе, керек емес пе екенін анықтап аласың. Себебі, тәжірибесі жоқ адаммен бизнес бастау қиындау болады, ал бұны келісімге келіп алғаннан кейін емес, келіссөздің бірінші минутында-ақ анықтай аласың.
Адамдардың көбісі жаңа бірдеңе ойластырып шығаруға, оған басын байлауға құмар болады. Ал Google онда не үшін? Сен оған қандай сұрақ қойсаң, ол соған байланысты
жауап береді. Google-дан көптеген пайдалы ақпарат алуға, көптеген мәселенің шешімін табуға болады.
Бар болғаны, не керек екенін түсіну, сұрақты дұрыс құрастыру және ақпаратты пайдалана білу.
ТАРАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ КІТАПTAPTІЗІМІ
Роб Фитцпатрик. «Спроси маму. Как общаться с клиентами и подтвердить правоту своей бизнес-идеи, если все кругом врут?».
Даниел Канеман. «Думай медленно... Решай быстро».
Регина Бретт. «Будь чудом. 50 уроков, которые по могут тебе сделать невозможное».
IV ТАРАУ
ЖЕҢІСКЕ БАРАР ЖОЛДАҒЫ БАРЬЕРЛЕР (КЕДЕРГІЛЕР)
ҚАБІЛЕТТІ АНЫҚТАУ: ЖОҚТЫ ҚУАЛАМАЙ, БАРДЫ ДАМЫТУ
Ауылда өстік қой. Малды өрістен күтіп алу, жем-шөбін дайындау қалыпты шаруа болатын. Сиыр жоғалғанда оны іздеуге шығамыз. Темір жол бар. Темір жолдан өткеннен кейін жол екіге айырылады. Оңға кетесің бе, солға кетесің бе деген таңдау болады. Сиырдың қайда екенін білмейсің, елу де елу. Сонда өзіміз ойлап тапқан GPS жүйесі болатын. Екі қолыңмен екі қасыңды жұласың. Қай қолыңда көп шықса, сол жаққа қарай жүресің. Сол сияқты, Құдай да бізді жаратқанда әрқайсымызға GPS берген. Оның аты қабілет. Ұйымдастырушылық қабілет, жинақылық пен ұқыптылық, бір жұмысты соңына дейін жеткізетін қайсарлық, кейбір адамдар техникаға, детальдарға құмар, кейбірі сөзге шебер, кейбірі математикаға жүйрік. Кейбір адамдарда талғам бар. Олардың дизайнға икемі болады және онысы киген киімінен-ақ белгілі.
Осы дүниелер адамның болашағын анықтайды. Оның ән салатыны мен би билейтіні емес. Мысалы, Стив Джобc23 компьютер данышпаны емес. Есесіне талғамы өте жоғары адам болды. Соның арқасында ІT саласындағы аңызға айналған компанияны құрды. Оның өнімдерін талғам ерекшелеп тұратын. IPhone, IPod, IPad, IMac Apple-дің кез келген өнімі әлі күнге эстетикалық тартымды дүниелер. Немесе Тиньковты24 алып қара. Ол табиғатынан эпатажға жақын болған. Және барлық бизнесінде сол эпатаждығы оның фишкасына айналды.
Бір қызығы, бізде кішкентай кезiмiзден математикамыз бес, ағылшынымыз үш болса, ағылшымызды дамытуға күш салатынбыз. Джи Ди Мейер25 «Аджайл для себя: система личных достижений в работе и жизни» (Geting Results the Agile Way: A Personal Results System for Work and Life) деген кітабында адамның дамуына септесетін он бағдар береді, соның бірі «Артықшылықтар кемшіліктерден маңызды» дейді. Өз тәжірибем бойынша да солай, жеңіске жеткен адамдар, өзінің мықты қырын дамытқандар. Бұл заңдылық.
Мысалы, біздің компанияда маркетинг менің қолайыма жағады. Елдің алдында сөйлеу маған ыңғайлы. Ұйымдастыру оңай. Бірақ қаржылық операциялар, детальдарға кіру өте қиын. Ертеректегі ата-аналардың логикасына салатын болсақ, қазір мен маркетингтік икемділікті шегеріп, финансқа, бухгалтерияға көңіл бөлуім керек. Алайда ол менен өте үлкен күшті талап етеді және нәтижесі де жақсы болмауы мүмкін. Сондықтан бұл жұмыстармен өзімнің бауырым Дархан Шонбай айналысады.
Оның қолынан келеді, табиғатынан детальдарға сақ. Мен сыртқы келбетін қараймын, ол астарына үңіледі. Біз маркетинг дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Қазір өнімнің өзі ғана емес, оны қандай қорапқа орап беріп, жеткізіп отырғаның да бірдей маңызды.
Қысқасы, өзіңнің мүмкіндіктеріңді есепте. Қай ісің үшін әдетте мақтау естисің? Қай істі өзгелерден жақсы істейсің? Артықшылығың неде? Мүмкін кеңседе қатардағы қызметкерсің, бірақ талантты аспаз шығарсың? Демек, аспаз болсаң, жеңіске жылдамырақ жетесің. Жаратушы ешкімді де құр қол қалдырмаған.
Әр адамға өзінше қабілет пен талант берген. Біреудің бауырсағы дәмді біреу жақсы сөйлейді, біреу жақсы жазады. Басқаша айтқанда, не нәрсеге икеміңнің барын білу саналы түрде өзіңді скринингтен өткізу маңызды.