Абай Құнанбаев - Қара сөз стр 9.

Шрифт
Фон

Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым, құдірет сипаты бірлән сипаттадық. Бұл бірлік, барлық ғылым, құдірет олула боларлық нәрселер ме? Әлбетте, ғылым құдіреті бар болады: хаяты мағлұм, бірі ирада, яғни қаламақ. Ғылым бар болса, қаламақ та бар. Ол еш нәрсеге харекет бермейді. Һәммаға харекет беретұғын өзі. Ол ирада ғылымының бір сипаты кәләм, яғни сөйлеуші деген, сөз қаріпсіз, дауыссыз болушы ма еді? Алланың сөзі қаріпсіз, дауыссыз. Енді олай болса, айтқандай қылып білдіретұғын құдіреті және басар, сәмиғ, яғни көруші, есітуші деген. Алла тағаланың көрмегі, естімегі, біз секілді көзбенен, құлақпенен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты. Бірі тәкуин, яғни барлыққа келтіруші деген сөз. Егер барлыққа келтірмегі бір өз алдына сипат болса, алла тағаланың сипаты өзіндей қадім, һәм әзали һәм әдәби болады да, һәмишә барлыққа келтіруден босанбаса, бір сипаты бір сипатынан үлкен я кіші болуға жарамайды. Олай болғанда ғылым, құдірет сипаттары секілді босанбай, һәр уақыт жаратуда болса, бір ықтиярсыздық шығады. Ол ықтиярсыздық алла тағалаға лайықты емес. Оның барлыққа келтірмегі құдіретіне ғана бір шарх. Бұл ғылым, құдіретте ешбір ниһоятсіз, ғылымында ғафләт, құдіретінде епсіздік және нашарлық жоқ. Саниғын сұңғатына қарап білесіз. Бұл көзге көрілген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикметпенен жарастырып, қандай құдіретпенен орналастырған, ешбір адам баласының ақылы жетпейді. Бірақ пендесінде ақыл хүкімші, қайрат, қуат қызмет қылушы еді. Соған қарап ойлайсың: алла тағаланың сипатында солай болмаққа тиіс. Бірақ әуелде айтқанымыз: ғылым, құдірет біздің ұғуымызға ғана екі хисап болмаса, бір-ақ ғылымды құдірет болуға тиіс. Олай болмаса сипаттар өз орталарында бірі тәбиғ, бірі матбуғ болады ғой. Бұл болса, тариф раббыға жараспайды. Сегіз сипат қылып және ол сипаттар «Лағаиру уәлә һуә» болып, бұлай айтуда, бұлардан бір өз алдына жамағат яки жамиғат шығып кетеді. Бұл болса келіспейді. Егерде сипаттарды әрбірін басқа-басқа дегенде, көп нәрседен жиылып, иттифақпенен құдай болған болады. Бұлай деу батыл, бір ғана құдірет пендеде болған қуат; құдірет ғылым ақылдан басқа болатұғын, алла тағалада болған құдірет ғылым һәм рахмет. Ол рахмет сипаты, сегіз сипаттың ішінде жазылмаса да, алла тағаланың Рахман, Рахим, Ғафур, Уадуд, Хафиз, Сәттар, Раззақ, Нафиғ, Уәкил, Латиф деген есімдеріне бинаһи бір ұлығ сипатынан хиссаптауға жарайды. Бұл сөзіме нақлия дәлелім жоғарыдағы жазылған алла тағаланың есімдері. Ғақлия дәлелім құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан басқа, бірінен бір пайда алатұғын қылып жаратыпты. Жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайдаланатұғын ақылды инсанды жаратыпты.

Хайуандарды асырайтұғын жансыздарды еті ауырмайтын қылып, жан

босанады. Аллаяр софының бір фәрдәдән жүз фәрдә бижай дегені басыңа келеді. Енді біздің бастағы тағриф бойынша құдай тағала ғылымды, рахымды, ғадаләтті, құдіретті еді. Сен де бұл ғылым, рахым, ғадаләт үш сипатпенен сипаттанбақ: ижтиһатің шарт еттің, мұсылман болдың һәм толық инсаниятың бар болады. Белгілі жәуанмәртлік үш хаслат бірлән болар деген, сиддиқ, кәрәм, ғақыл бұл үшеуінен сиддиқ ғадаләт болар, кәрәм шафағат болар. Ғақыл мағалұм дүр, ғылымның бір аты екендігі. Бұлар әр адамның бойында алла табарака уатағала тәхмин бар қылып жаратқан. Бірақ оған рәуаж беріп гүлдендірмек, бәлки, адам өз халінше кәмәлатқа жеткізбек жәһәтінде болмақ. Бұлар ез иждиһадің бірлән ниет халис бірлән ізденсең ғана берілетін нәрселер, болмаса жоқ. Бұл айтылмыш үш хасләттің иелерінің алды пайғамбарлар, онан соң әулиелер, онан соң хакімдер, ең ақыры кәміл мұсылмандар. Бұл үш түрлі фиғыл құданың соңында болмақ, өзін құл біліп, бұл фиғылдарға ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар үйретті әулиелерге, әулиелер оқыды, ғашық болды. Бірақ, ухрауи пайдасын ғана күзетті. Ғашықтары сол халге жетті, дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты. Бәлки, хисапқа алмады. Хакімдер дүниеде тиетін пайдасын сөйледі, ғибрәт көзімен қарағанда, екеуі де бірінен-бірі көп жырақ кетпейді. Оның үшін әрбірінің сөйлеуі, айтуы басқаша болса да, алла тағаланың сұңғатына қарап пікірлемектікті екеуі де айтты. Пікірленбек соңы ғибраттанбақ болса керек. Бұл ғақыл, ғылым екеуі де өзін зорға есептемекті, залымдықты, адам өзіндей адамды алдамақты жек көреді. Бұл ғадаләт һәр екеуі де мархаматты, шапағатты болмақтықты айтып бұйырды, бұл рақым болса керек. Бірақ менің ойыма келеді, бұл екі таһифа әр кісі өздеріне бір түрлі нәпсісін фида қылушылар деп. Яғни, пенделіктің кәмәлаты әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып һу деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді? Хәрами, макруһи былай тұрсын, құдай тағаланың қуатыменен, ижтиһад ақылыңменен тауып, рахатын көрмегіне бола жаратқан, берген ниғметтеріне, онан көрмек хұзурға суық көзбен қарап, ескерусіз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па?

Сахиб ниғметке шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздікпенен күнәкәр болмайсың ба? Екінші бұл жолдағылар қор болып, дүниеде жоқ болып кету де хаупі бар, уә кәпірлерге жем болып кету де, қайсыбір сабырсызы жолынан тайып, сабырмен бір қарар тұрамын дегені болып кетселер де керек. Егерде бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты раст дүниеде бола ма? Рас болса, һәммаға бірдей раст болсын, алалаған раст бола ма, һәм ғадаләт бола ма? Олай болғанда, ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр өзі хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ. Бірақ әулиелердің де бәрі бірдей тәркі дүние емес еді, ғашәрән мүбәшәрәдан қазірет Ғосман, Ғабдурахман бин Ғауф уа Сағид бин Әбудқас үшеуі де үлкен байлар еді. Бұл тәркі дүниелік: я дүние ләззатына алданып ижтиһадым шала қалады деп, бойына сенбегендік; я хирс дүниеліктен қауымның көңілін суытпақ үшін, ренжуге сабыр етіп, өзін фида қылып, мен жаныммен ұрыс қылғанда, халық ең болмаса нәпсісімен ұрыс қылып, һәуа һәуастан әрбір арзу нәпсіден суынып, ғадаләт, мархамат, махаббатына бір қарар болар ма екен деген үмітпенен болса керек. Олай болғанда о да жұртқа қылған артық махаббаттан хисап. Бірақ бұл жол бек шетін, бек нәзік жол. Бұл жолда риясыз, жеңілдіксіз бір қарар тұрып іздеген ғана кісі істің кәмәлатына жетпек. Бұл заманда надир, бұған ғылымның да зоры, сиддиқ, қайраттың да зоры, махаббаттың халлақна да, уа халық ғаламға да бек зоры табылмақ керек. Бұлардың жиылмағы қиынның қиыны, бәлки, фитнә болар.

Ваша оценка очень важна

0
Шрифт
Фон

Помогите Вашим друзьям узнать о библиотеке