Абай Құнанбаев - Қара сөз стр 10.

Шрифт
Фон

Басына һәм бір өзіне өзгешелік бермек адам ұлын бір бұзатын іс. Әрбір наданның бір тариқатқа кірдік деп жүргені біз бұзылдық дегеніменен бір болады. Хакім, ғалым асылда бір сөз, бірақ Ғарафта басқалар дүр. Дүниеде ғылым заһири бар, олар айтылмыштарды жазылмыштар, оны нақлия деп те айтады. Бұл наклияға жүйріктер ғалым атанады. Құдай тәбәрака уа тағала ешбір нәрсені себепсіз жаратпаған, мұны ізерлеп тәффаккару фи әла-иллаһи деген хадиске бинаән бұл сүнғати құдадан ізерлеп, құмар болып ғибратланушыларға тыю жоқ, бәлки, сұнғатынан себебін білмекке құмарлықтан саниғ ғашықтық шығады. Құдай тәбәраканың затына пендесінің ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз. Ғашық-мағшұғлыққа халик бірлән махлұқ ортасы мунәсибәтсіз, алла тағаланың пендесін махаббат уа мархамат бірлән жаратқанын біліп, махаббатына махаббатпенен ғана елжіремекті құдаға ғашық болды дейміз. Олай болғанда хикмет құдаға пенде өз ақылы жетерлік

қадірін ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хакім ат қойды. Бұлар хақ бірлән батылды айырмаққа, себептерін білмекке тырысқандарыменен һәммасы адам баласының пайдасы үшін, ойын-күлкі түгіл, дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртабада қалып, бір ғана хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады.

Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Фиғыл пәнденің қазығы осы жақсы хакімдер, әр нәрсе дүниеде бұлардың истихражы бірлән рауаж табады. Бұлардың ісінің көбі дүние ісі, ләкин осы хакімдердің жасаған, таратқан істері. Әддүния мәзрәгәтул-ахирет дегендей, ахиретке егіндік болатын дүние сол. Әрбір ғалым хакім емес, әрбір хакім ғалым. Ғалымдарының нақлиясы бірлән мұсылман иман тақлиди кәсіп қылады. Хакімдердің ғақлияты бірлән жетсе, иман якини болады. Бұл хакімдерден мұрат мұсылман хакімдері, болмаса ғайри діннің хакімдері әгәрше фатлубни тәжиду-ни делінсе де, дүниенің һәм адам ұғлы өмірінің сырына жетсе де, діннің хақ мағрифатына жете алмағандар. Бұлардың көбі иманның жеті шартынан, бір алланы танымақтан ғайри, яғни алтауына кімі күмәнді, кімі мүнкір болып, тахқиқлай алмағандар. Егер бұлар дін ұстазымыз емес болса да, дінде басшымыз құдайдың елшісі пайғамбарымыздың хадис шарифі, хайру н-нас мән йанфагу н-нас деген. Бұл хакімдер ұйқы, тыныштық, әуес-қызықтың бәрін қойып, адам баласына пайдалы іс шығармақлығына, яғни электрияны тауып, аспаннан жайды бұрып алып, дүниенің бір шетінен қазір жауап алып тұрып, от пен суға қайласын тауып, мың адам қыла алмастай қызметтер істетіп қойып тұрғандығы, уахсусан адам баласының ақыл-пікірін ұстартып, хақ пенен батылдықты айырмақты үйреткендігі баршасы нафиғлық болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізге дау жоқ.

Бұл заманның молдалары хакім атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки, бұзық фиғыл, әл-инсан ғәдду ләма жәһилгә хисап. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғарап-парсыдан тіл үйренсе, бірлі-жарым болымсыз сөз бахас үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады «һай-һой!» менен, мақтанменен қауымды адастырып бітіреді. Бұлардың көбі әншейін жәһил түгіл, жәһиләләр кібік талап болса, қайда хақ сөздер келсе, қазір нысапқа қайтсын һәм ғибраттансын. Рас сөзге ор қазып, тор жасамақ не деген нысап, құр өзімшілдік һәм әр өзімшілдік адам баласын бұзатын фиғыл. Растың бір аты хақ, хақтың бір аты алла, бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып, ғадаләтпен тәптештеуге керек. Мұндай фиғылдардан күпір қаупі де бар. Және пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләм «ақыр заманда бір жылдық бір күн болар» дегенде сахаба-и кәрәмлар «бұл бір жылдық бір күнде намаз нешеу болар» деп сұрағанда: оның патуасын сол заманның ғалымдары білер деген сөзінен ғибратланып қарасаң, замана өзгеруімен қағидалар өзгерілмегін білдіргені мағлұм болады. Бұл күндегі тәхсилғулум ескі медреселер ғұрпында болып, бұл заманға пайдасы жоқ болды. Соған қарай Ғұсманияда мектеп харбия, мектеп рушдиялар салынып, жаңа низамға айналған. Мұндағылар ұзақ жылдар өмір өткізіп, ғылымды пайдасыз ұзақ бахастар бірлән күнін өткізіп, мағишат дүниеде надан бір ессіз адам болып шығады да, ешбір харекетке лайықты жоқ болған соң, адам аулауға, адам алдауға салынады. Көбінесе мұндай ессіздердің насихаты да тасирсіз болады.

Дүниенің мәғмурлығы бір түрлі ақылға нұр беріп тұратұғын нәрсе. Жоқшылықтың адамды хайуандандырып жіберетіні де болады. Бәлки, дүниенің ғылымын білмей қалмақтық бір үлкен зарарлы надандық, ол құранда сөгілген; дүниеде кімде-кім өзіне өзгешелік бермек қасады бірлән малға махаббатын аударған дүние болмаса, ихсанда қолым қысқа болмасын деп һәм өзім біреуге тамғылы болмайын деп, малға махаббатын аудармай, ізгілікке бола халал кәсіп бірлән тапқан дүние емес.

Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Мал бірлән ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер өзі де мал, өнерді үйренбек өзі де ихсан. Бірақ ол өнер ғадаләттан шықпасын, шарғыға муафих болсын. Адамға хәлінше ихсанды болмақ қарыз іс. Бірақ өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес. Моллалар тұра тұрсын, хусусан бұл заманның ишандарына бек сақ болыңдар. Олар фитнә ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Өздері хүкім шариғатты таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін-өзі әһіл тариқат біліп және біреуді жеткізбек дағуасын қылады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлардың жеткізбегі мұхал, бұлар адам аздырушылар, хаттә дінге де залалды. Бұлардың сүйгені надандар, сөйлегені жалған, дәлелдері тасбығы менен шалмалары, онан басқа ешнәрсе жоқ.

Ваша оценка очень важна

0
Шрифт
Фон

Помогите Вашим друзьям узнать о библиотеке