Ерұлан кітапта құпия жолдама бар деген пікірде болды. Егер Үстемділердің ұзақ ғұмыры туралы жазуға тыйым салынса, онда ол жайлы ашық жазбайды деген ойда болды, сол себепті ол, оған дейінгі ғалымдар бір дәйек тауып, оны жасырын жолдама ретінде тастап кеткен деген оймен өзіне дейінгі ғалымдардың еңбектерін қарады. Ерұланды Бабадүрдің кітабындағы Тұманды аймағы жайында жазылған тақырыбы қызықтырды. Себебі Тұманды тіршілікке жарамсыз деп айтылғанымен, Бабадүрдің кітабында өте ерте уақытта онда тіршілік болған: ормандар мен көлдер, бетін жасыл кілем жапқан далалар, ал ең бастысы Марда атты мемлекет жөнінде жазылған, ал қазір ал қазір онда ешкім аяқ баспайды. Бабадүрдің кітабында хан сарбаздарының Тұмандыда бір затты іздеп жүргені жөнінде дәйек көрсетілген, бірақ не екенін ешкім білмейді және кітапта одан бөлек онда үлкен мұнара бар екендігі жөнінде айтылған, тіпті жолсызбасы да көрсетілген. Ерұланды қызықтырғаны да осы, сол себепті Ерұлан Бабадүрмен кездесіп, оның мұнараны қалай тапқаны жайында сөйлеспек болған кезде, ол Бабадүрдің аяқасты қайтыс болғанын естиді және ең қызығы, оның жазған кітаптары жоғалып кетеді. Осы жағдайдан кейін Ерұлан Бабадүрдің жолсызбасына сүйеніп, бір топ адамға көп мөлшерде алтын беріп; Тұмандыға әлгі мұнараның бар-жоғын біліп келу үшін аттандырады, міне осымен олардың кеткеніне сегіз ай болды, бірақ содан бері олардан мүлде хабар естіген емес. Ерұлан олар оны алдап кетті немесе сонда барып мерт болды деген ойда болды.
Ол түн ортасы ауғанға дейін кітап қарады, сосын көзі жұмылып, ұйқыға кетіп бара жатып селк етіп оянды да, кітапты жауып, өзінің бөлмесіне барып жатты. Бірақ екі сағат өткеннен кейін, Ерұлан оны мазалап жүрген түсті қайта көріп, тағы да шошып оянды; денесінен суық тер ақты, денсаулығында ешқандай кінарат болмаса да ол өзін нашар сезінді. Жанында жатқан Сұлу:
Тағы қорқынышты түс пе? деді басын көтере.
Иә деп кішкене кідірді де, сені оятып жібердім бе?
Мен сенің бұл әдетіңе үйреніп те қалдым, деді ол күлімсірей, бірақ саған не болып жүр? Неге ол түс сені мазалай береді? деді Сұлу күлімсіреген жүзі өзгере.
Білмеймін, өзім де соны білгім келеді, деп Ерұлан қайта жатты, болды, жатып ұйықта, деді бәсең дауыспен Сұлуға теріс қарай.
Ерұлан қанша ұйықтауға тырысқанымен, санасындағы айқайлаған дауыстар мен жарылыстың дыбысы, кеудесіне пышақ сұққан көлеңке туралы ой оған ұйықтауға мұрсат берген жоқ. Кішкене жатқан соң ол киінді де, ақырын бөлмесінен шығып кетті. Дәлізбен сыртқа қарай бет алды. Кенеттен құлақтары шыңылдап, айқайлаған дыбыстар қайта естіліп, ол басын ұстай, қабырғаға сүйеніп, жерге ақырын отырды, түсіндегі дыбыстар оның басының ішінде жаңғырықпен естілді. Барлығы басылған соң баяу қолдарын басынан алды егер жылдам алатын болса, басы жарылып кететіндей болды. Ол ақырын орнынан тұрды. Әлгі дыбыс өңінде де естіле бастаған соң: «Мен есімнен ауысайын деген шығармын» деп өзіне іштей сөйледі. Ол қабырғаға қолын сүйеп кішкене тұрды да, далаға қарай бет алды.
Сыртта таң ата бастағанымен, айнала қараңғылау еді. Ерұлан «Ух» деп күрсіне дем шығарды.
Ол істеп жатқан ісінен бір сәтке демалғысы келді. Ол өте тыныш жерге барып, өзімен-өзі жалғыз қалуды қалады. Ерұлан шығыстан атып келе жатқан күнді бөгеген Бұрат тауына бас бұрды күн сәулесінің әсерінен тау оған толықтай қап-қара болып көрінді.
«Бүгін бір керемет ауа райы болатын сияқты, тауға барып бой жазып қайтқаным дұрыс шығар, мүмкін мына қорқынышты дүниелер де кішкене болсын басылар» деп өзіне іштей сөйлеп, ат қораға жол тартты. Ат қорадан өзінің тұлпары Баламурға ер тоқымды салып, оған мінді де, қақпаға қарай ақырын беттеді. Қақпада тұрған сарбазға:
Қақпаны аш! деп айқайлады, оның даусы ашулы адамдікіне ұқсас болып шыққан соң, қақпадағы сарбаз оған «Бір жерге баруға әлі ерте емес пе?» деп айтуға дәті барған жоқ, тек үндемей, оған қақпаны ашып берді. Ерұлан қақпадан шығып бара жатып:
Сарайдағы дәрігерлерден көз алушы болмаңдар! деп әлгі сарбазға сөйледі, ал ол Ерұланға жұлқына басын изеді.
Ерұланның сарайы қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде, халық көп орналасқан жерде еді, сарайды тастан әрлеп жасалған тар көшелер қоршады, ол алдында тастан жасалған көшемен шығысқа тауға қарай көтерілді, ал санасындағы мазасыз ойлардан арылу үшін жан-жағына қарап, айналадағы көрініске мән берді.