Жабыңдар ауыздарыңды! Көзіме көрсетпей тез алып кетіңдер бұларды! деп, жасақтарына өктемдікпен бұйырды.
Жасақтар үш бауырды аттарынан жұлып алып, дедектете сүйреп, алып кетті.
Ал, сайыпқырандарым! деді Спаргапис сап түзеген әскеріне барлай қарап. Сендердің жанқиярлық ерліктеріңнің арқасында бүгін шарапатты жеңіске жеттік. Жарайсыңдар! Енді сендерге жеңіс тойын тойлауға рұқсат берем. Парсылардың мол дастарқанын көріп тұрсыңдар ғой. Тойғанша ішіп-жеңдер, күліп-ойнаңдар. Тек, әтте-ең деп аз бөгеліп барып, сөзін қайта жалғады. Бар шарапты әлгілер қиратып, төгіп, рәсуа еткенін қарашы! Амал нешік, енді өздеріңнің жанторсықтарыңдағы қымыз, шалап, шұбатпен ғана сусын басарсыңдар. Ал, жақсылап дем алыңдар! деп, ер жүрек жауынгерлерін еркіне жіберді.
***
Енді қайттік?! деді қызуқанды Ер бауырларына қарап. Біз парсылардың алдауына түсіп, қоршауда қалып, қырылатын бол-дық қой.
Оларды қоршауда қалу қаупінен сақтандыратын тек біз едік, біздің де көрген күніміз мынау.
Бұл жерде Бауыржан атамыздай мықты қолбасшы керек шығар, деді Ер бауырларына кезек көз тастап. Александр Бектің «Арпалыс» кітабы естеріңде ме?
Сонда Бауыржан ата Мәскеу түбіндегі қаланы қорғау соғысында батальонымен бірге бес рет немістердің қоршауында қалып, бесеуінде де қоршауды жарып шығады. Соның алғашқысында ол асып-сасудың орнына батылдық пен тапқырлықтың үлгісін көрсетіп, қоршауды «ромб әдісімен» тас-талқан етеді. Яғни, соғысқа жарамды сарбаздарды ромб тәрізді сапқа тұрғызады да, ортасына жаралылар мен санитарларды тиеген арбалар мен зеңбіректерді, басқа да ат-көліктерді орналастырады. Сөйтіп, немістердің сақадай сай әскери-техникалық колонналарын күтпеген жерден сына сияқты бұза-жарып өте шығады. Бұл да әскери тапқырлықтың бірі.
Иә, осы әдісі кейін әскери оқулықтарға енгізіліп, арнайы тактика ретінде оқытылып келеді емес пе.
Бауырлар біршама серпілгендей болып еді, бірақ өз баста-рындағы жау қоршауы естеріне түскенде, қайта қалың ойға беріліп, үнсіз қалды.
Кенет Нар үнжұрғалары түсіп кеткен баурыларын иықтарынан қағып:
Эврика! Мен таптым! деп айқайлап жіберді.
Иә, нені таптың?
Ол жауап орнына қойнынан қойын дәптер, қаламсап алып, алдына қойды.
Кімде металл теңге бар?
Менде жүз теңге бар, деді Би қалтасынан шығарып көрсетіп.
Бәрекелді! деді Нар жанары ұшқын атып. Енді хат жазып, теңгені астына мөр етіп басамыз да, Спаргаписке беріп жібереміз.
Содан?..
Содан кейін тағы көре жатармыз.
Нар отыра қалып хат жазды да, теңгенің бетін сиямен бояп, мөр етіп басты. Оны шиыршықтап орап, сыртынан қолорамалымен қаптады да, оны күзетшілердің бірінен «Спаргаписке апарып бер» деп ұстатып жібереді.
Біраздан кейін күзетші қайтып келді де:
Үшеуің де менмімен бірге жүріңдер. Спаргапистің алдына барамыз, деді.
Күзетшілер оларды Спаргапистің жорық шатырына алып келді.
Мына түсініксіз хат қайдан пайда болды? Мұны оқи аласыңдар ма, қайсың оқисыңдар? деді Спаргапис олар кірген бойда.
Мен оқимын, деді Нар алдыға шығып, хатқа қолын созып. Ол хатты алысымен орауын жазып, оқи жөнелді: « Спаргапис! Көк Тәңірдің атынан аян етемін! Тап қазір төрт құбылаға шолғын-шыларыңды жібер. Парсылар сендерді қоршап алды. Олар өздеріңді қойдай топырлатып қырып-жойсын демесеңдер, мына үш елшімнің қол-аяғын босатып, солардың айтқанын тыңдайтын болыңдар. Олар сендерге жол нұсқайды!
Ерекше ілтипатпен өздеріңнің туғандарың Зәрдаш пайғам-бар.»
О, Тәңірім! деді қолбасшылар көкке қарап, таң қала тізе бүгіп.
Иә-ә! деді Спаргапис хатты қайта қолына алып, оған үлкен мән бере үңіліп. Содан кейін оң жағында отырған қолбасшысына былай бұйырды:
Орхан батыр! Төрт құбыламызға шолғыншы жігіттерңді жібер! Тышқан құсап жорғалап, құс болып ұшса да, төңіректі тезірек барлап келсін!
***
Ымырт қараңғысында шолғыншылар бірінен кейін бірі қайтып келіп, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «Қоршауда қалыппыз!» деп айтып жатты. Спаргапис Ер, Би, Нарды бұғаудан босатты да, қару-жарақтарын қайтып берді.
Иә, жігіттер, айтыңдар, қалың қоршауды қалай бұзып өтеміз?
Тақсыр, ол үшін былай етеміз, деді Би. Бар әскеріңізді сапқа тұрғызасыз да, оларға: «Біз қоршауда қалдық», деп шындықты айтасыз.
Иә, сонымен?
Қоршауды түн қараңғысында Темірқазықты бетке алып терістік бағытта бұзып өтеміз. Сол жауапты жорыққа қару-жарақ-тарыңды сайлап, жақсылап дайындалыңдар! деп әмір бересіз. Кейін үш-төрт тұтқын парсының қашып кетуіне жағдай жасайсыз. Олар қандастарына барып қосылып, біздің жағдайымызды баяндайды да, барлық күшін терістік бағытқа шоғырландырады. Ал біз алдымызға қалған тұтқындарды саламыз да, қоршауды әскер қатары селдіреген түстіктен, дария бағытында бұзып өтеміз. Тақсыр, біздің жоспарымыз осы. Ал, сіздің алып-қосарыңыз бар ма?