Ал, мені, дейді ызаланған Крез, сондай бақытты жандардың санатына қоспайсың ба?
Сонда Солон оның ашу-ызасын өршіткісі келмей әрі құрдай жорғалап, ыңғайына құлай кетпей, былай дейді:
Лидия патшасы! Бізге, эллиндерге құдай сабасынан асып-төгіл-мейтін пейіл берген. Сол пейіл бойынша біз өмірді асып-төгілген байлық бойынша емес, жалпыхалықтық құндылықтармен бағалап үйренгенбіз. Сол тұрғыдан бір сәттік бақытты біз бақыт деп есептемейміз. Ол адамның тағдыр-талайына байланысты. Кімде-кім өмірінің соңына дейін армансыз бақытты өтсе, сол жанды біз бақытты деп санаймыз. Ал қазірше бақытты болғаныңмен, ертең басыңа қандай аумалы-төкпелі заман орнайтынын біз қайдан білеміз ол бір жүйрікті бәйгеге қосып, мәреге жетпей тұрып, орта жолда марапаттағанмен тең емес пе? деп аяқтайды. Солонға көңілі толмаған Крез енді Анарыс хан иеме үміттене қарайды. Анарыс хан ием Солонды қоштағандай бір мысалды айтады:
Бірде саудагерлер іші алтын-күміс пен байлыққа мәймілдеп толған кемемен сапарға шығады. Орта жолға келгенде кемелері батып бара жатқанын көріп, саудагерлер жан сауғалап қайықпен қашады. Байлыққа қызыққан қарақшылар салдарымен жүзіп келеді де, кемедегі байлықты салдарына тиейді. Ашкөзденген қарақшылар салдарына қазынаны аузы-мұрнына келтіре толтырады да, жағаға жетуге асығады. Бірақ олардың салдары асып-төгілген салмақты көтере алмай суға батып, қарақшыларды да құрдымға ілестіріп әкетеді, дейді. Сонда санасына сәуле түспеген Крездің көңілі біржола қалған еді.
Күндердің күнінде Крез патша осы жеткен байлығын қанағат тұтпай, көңіліне желік бітіп, көрші жатқан парсы еліне соғыс ашады. Бірақ сол кезде парсы патшасы Кирдің бағы жанып, жолы жүріп тұрған еді. Ол Крездің қолын бір айламен тас-талқан етіп жеңеді де, Крездің өзін қолға түсіреді. Соғысты алғаш бастаған айыбы үшін оны отқа жағып өртемекші болады. Крездің қол-аяғын байлап, үйілген отынның үстіне шығарады. Сонда қайғыдан қан жұтқан Крез Солон мен Анарыс хан иемді еске алып, ажалы алдында:
О, Солон! О, Анарыс! О, Солон! О, Анарыс! деп, даусы қарлыға, күңірене айқайлайды.
Кир патшаға оның бұл күшенгені қызық көрінеді де, «Бұл байғұс патша өлімі алдында не деп алас ұрады?» дап сұрайды. Сонда Крез оған Солон мен Анарыс хан иемнің кезінде өзіне кандай даналық айтқанының бәрін баяндап береді. Крездің бұл әңгімесіне қатты риза болған Кир оны босатып, өзінің қарамағына қызметке алыпты.
Иә, Анарыс бабамыз жайлы кейінгі дәуірлерде де тарих атасы Геродоттан бастап, Лукиан, Плутарх, Страбон, Диоген Лаэртский сынды ғұламалар да өз кітаптарында тамсана жазды, деді Ер осы тұста шыдамы жетпей киіп-жарып.
Ол жағын мен білмейді екенмін, деді Ардан. Бірақ Анарыс хан иемнің нақыл сөздерін жұрт ауыздарынан тастамай айтып жүреді.
Анарыс бабаның нақылдарын біз де айтамыз, деді Нар. Мәсе-лен, «Дүние шексіз, оның алды да, арты да жоқ, хақиқатқа да мөлшер жоқ, өткен күннің белгісі жоқ», «Тән жанның құралы, жан құдайдың құралы».
«Еркін адам дегеніміз өз қалауымен, өз заңдарымен өмір сүретін адам», деп әрі қарай жалғады Би. «Жаман адам көмір сияқты: күйдермесе де күйелейді», «Жақсылық та тілден, жаман-дық та тілден».
О-о! Хан иемнің көп сөздерін біледі екенсіздер ғой, деді Ардан балаларға таң қала қарап.
Жо-оқ, бәрін біле бермейміз, деді Нар. Мәселен, Анарыс баба скифтер мен эллиндердің тұрмысы және соғыс өнері жайлы 800 жол өлең жазған дейді. Сол өлең-жырлары бізге жетпеді.
«Элладада мені ақыл-парасат қорғап еді, өз елімде қызғаныш құрбан етті» деген сөзді бабамыз қандай жағдайға байланысты айтты? Соны білмейміз.
Хан ием мұндай сөздерді қашан айтты? Мен де білмеймін, деді Ардан ойланған кейіппен.
Оны сіз білмейсіз. Анарыс баба оны өлер алдында айтты.
Хан ием қалай өлмек?! деді Ардан таң қала шоршып.
Біз Анарыс бабаны сол ажалдан құтқаруға бара жатырмыз. Анарыс бабаға қауіп төніп келеді, алдына тезірек жетейік, деп еді, Ардан еш нәрсе түсінбеген кейіппен аңырып тұрып қалды. Нар айналасына бажайлап қарап алды да, Арданның құлағына бір жайттарды сыбырлап айтып жатты. Арданның бет-әлпеті біресе бозарып, біресе қызарып, енді бірде қайта қалпына түсіп, мың құбылумен болды. Бір кезде барып:
Құп болады! деді де, айналасына жіті көз салып. Біз келіп қалыппыз, хан иемнің тұрағы мына кезеңнің артында, деді, алдарындағы жотаны нұсқап. Олар бұталы жотаға шыққанда, ар жағынан ат шаптырымдай үлкен алаңқайды көрді. Алаңқайдың бір жағы құмдауытты өзен атырауына тірелсе, қалған жақтары ну орманды тау баурайына сұғына еніп жатыр екен. Алаңқайдың тастақты бір бүйірінде үсті жабық үлкен сақ арбасы тұр. Арба жанындағы ошақта от жанып, үш аяқты мосыда қазан асулы. Ошақ басында гректердікіндей кең етек ақ жейделі бір кісі отыр. Ардан балаларды сол кісінің алдына апарды.