Бұл сөз тіркесіндегі Ақша, Күнту, Ысты Ұлы жүздің құрамына кіретін рулық мәнге ие болған аталар. (Мәселен, Ақша Суаннан, Күнту Шымыр Дулаттан, Ысты Сарыүйсіннен тарайды). Ру-аталардың ерекше қасиеттерін дәріптеуден сөз тіркесі туған.
АЛА ЖІПТІ АТТАМА
«Қазақта «ала жібінен аттау» деген сөз бар, ол ұрлық жасау және біреуге қиянат жасау дегенді білдіреді. Ал арғы танымдық мифтік мәні қалыптасқан шектен, нормадан шығып кету, яғни, белгілі бір тәртіптің шекарасы осы ала жіп, мысалы, екі дауласушы жақтың арасына ала жіп тасталады не керіліп қойылады. Бұл да шекара, төреші үшін ақ пен қараның шектесу аймағы ақ пен қара арасы-дағы орта дүние.
Ала жіп жас баланың аяғына тұсау ретінде де пайдаланылады, бұл жағдайда баланың о дүниеден (қазақта туған адам қырық күнге, не бір-үш жылға дейін «әлі бұл дүниелік емес» деп есептелінген) өтіп, тірі адамдар қатарына қосылуы, ала жіпті қиып, шекарадан өтуі болып табылады». (С. Қондыбаев, 62.).
«Есігіне құлып салмай, ала жіппен байланған. Ала жібіңді де аттаған жоқпын, деген сөз осыдан шыққан». (С. Мәдімарұлы, 73.).
Қазақ баласын сөзді естіп ұға алатын, айтқанды ептеп істейтін кезінен тұсауы кесілгеннен бастап ұрлыққа, зорлыққа, жырын-дылыққа барма, жолама деп баулиды. Біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдірге алма дегенді әу бастан-ақ құлағына сіңісті етеді.
АЛА ЖІПТІ КЕСІСТІ
«Біреудің ала жібін аттамау» деген сөз кісіге қиянат жасамау мағынасында қолданылады. Адамдардың бірін-бірі көрместей болып араздасуы бейнелеп айтқанда, «ала жіпті кесісті» делінеді. Бұл да жоғарыда айтылған ишара-белгіден келіп шығады. Қасиетті киелі жіпті үзу, дұшпанға өлім тілеу мағынасында да қабылданған. Кісілер арасындағы қарым-қатынасты тоқтату да ишараланып, ала жіпті үзу арқылы көрсетілген. Жалпы, ала жіп үзілсе, қасиеті кетеді деп есептелінген». (Г. Ақпанбек, 6).
Өзара ренжісіп, өкпелесіп кетті деген мағынаны береді.
АЛАҢ КЕЛЕ МЕ,
АЛАШ КЕЛЕ МЕ
«Қазақтың Алаш атанғанынан хабардарсың ғой, ә? Бұл сөз сонау Шыңғыс хан тұсынан бастау алады, деді жазушы (Ғабит Мүсірепов К.О.). Шыңғыс хан бар мүлікті төрт баласына бөліп бергенде, Дешті Қыпшақты, Сібірдің күн батыс жағын, осы күнгі Сарыарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға берген деседі. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар екен. Сол алты рудың һәр-қайсысына Шыңғыс алты ұран беріпті, һәр руға бөлек таңба, ағаш қос беріпті. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны Алаш болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан, Алты Алаш болады. Алаш деген сөздің алғашқы мағынасы Отан кісісі (соотечественник) деген сөз десетін бұрынғылар. Және қазақта Алаң келе ме, Алаш келе ме деген бір мәтел сөз бар. Сондағы Алаң шет елдің кісісі, Алаш Отан мағынасында алынған. Тіпті сол заманда Жошы ханға Алаши деп лақап ат қойылған ғой. Алаши алаштың басшысы (глава соотечества) деген сөз». (Қ. Сәрсекеев, 31. 21. 03. 2012.).
Бұл жаугершілік заманнан қалған сөз, яғни, жастарды күн салып қаратып, «Алаң келе ме, Алаш келе ме?» деп сұрайды, мұнысы: жау келе ме, өз қандасымыз келе ме дегенді аңғартады.
«АЛАШ» АЛАШ БОЛҒАНДА,
АЛАША ХАН БОЛҒАНДА
«Аламан деген ханның бір ұлы анасынан алапес болып туыпты. Соны ұнатпаған хан, атын «Алаша» қояды да, қасына жүз жігіт қосып, шешесі мен Алашаны Ұлытаудан асырып тастайды. Сонда ержеткен Алаша өз бетімен хандық құрып, ел болып кетеді. Алаша өлгенде Ұлытаудан ағатын «Қара кеңгір» өзенінің бойына көміліп, қабірінің үстіне мазар салынады. Сол «Алаша хан» атты әдемі жасалған мазар Ұлытаудағы Кеңгір бойында әлі күнге дейін қаз-қалпында сақтаулы.
Қазақта «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда» деген де сөз бар. Соның мағынасы ғылым жүзінде бертінде ашылып, Қазақстан Ғылым академиясының баспасы, «Қазақстан эпиграфикасы» деген атпен шығарған кітапта белгілі тіл ғалымы Ғайнетдин Мұсабаев «Кеген жазуы» деген еңбегінде тастан жасалған мүсінге және көне жазуға сүйене отырып, «алаш» және «алаша» деген сөздерге талдау жасайды. Ғайнетдиннің баяндауынша, қазақтың «алты алаш» деген сөзі «алты ел» деген ұғымды білдіреді деуі шындыққа жатады. Демек, қазақ сол алтаудың бірі ғана. Өзге бесеуі: қырғыз, өзбек, түрікпен, қарақалпақ және башқұрт. Бұлардың қазіргі аттары мен халық болып бөлінуі соңғы мың жылдың орта тұсынан басталды. Сондықтан қазақта бар рулардың көпшілігі оларда да бар. Кей халық өздері бағынған хандардың есімдерімен аталып кеткен. Мысалы, өзбек, ноғай, т.б.