Әке басын шайқап: «Әкенің көңілі балада, баланың көңілі далада» деген осы екен-ау, дейді.
ӘКЕҢ ӨЛСЕ ДЕ,ӘКЕҢНІҢ КӨЗІН КӨРГЕН ӨЛМЕСІН
Ертеде кемпір мен шал өмір сүріпті. Олар айта қалғандай дәулетті, малды екен. Ал, Жәнібек деген жалғыз ұлдары шөп басын сындырмаған кер жалқау болыпты. Әке сөзіне көңіл аспапты. Әкесінің қартайғанын да елемей, осы дүниеге ие болып қал деген сөзіне де көңіл қоймай жүре беріпті.
Күндер өтеді. Шал пен кемпір дүние салады. Олардан қалған мал-дүние біткеннен кейін Жәнібек жыртық шапанын иығына салып, жолға шығады. Жұмыс таппай көп қиналады. Сөйтіп жүргенде бір кісіге кез болады. Сұраса келе, ол әкесінің көз танысы екен. Ол Жәнібекке көп көмек көрсетеді. Оның ат жалын тартып, азамат болуына жәрдем етеді.
«Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген ескі қағида содан қалса керек.
«ӘЛӘУЛӘЙІМ» ТАУСЫЛСА,
«ХӘЛӘУЛӘЙІМ» ТАҒЫ БАР
Бір іс-шаруа (әңгіме, ән) жуық арада біте қоймай, созылып, ығыр қылғанда, осы әзіл, кекесінді сөз тіркесі ауызға түседі.
Бірде Алдар көсе мен Түлен, Құлан деген шайтандар сапарлас болады. Ай жүреді, жыл жүреді. Бір жерге келгенде, үшеуі де шаршайды. Демалып отырып Құлан айтады:
Жүре-жүре шаршайтын болдық. Бәріміз бірге шаршағанша, біріміздің мойнымызға біріміз кезек-кезек мінсек, дейді.
Алдар мен Түлен мақұл көреді.
Алдымен қайсымыз мінеміз? дейді Құлан.
Сен екеуің шайтан болсаңдар, мен адаммын ғой. Сондықтан болу керек, аяғымды алға басуға шамам жоқ. Алдымен мен мінейін, дейді Алдар.
Жарайды, дейді ана екеуі.
Қанша уақыт мінгізуіміз керек, уақыт белгілейік, дейді Түлен.
Уақыт белгілеудің керегі не? Мен өлең айтайын, сол біткенше мінгізсеңдер болғаны. Сендер де өлеңдерің таусылғанша мінерсіңдер, дейді Алдар.
Түлен мен Құлан мұны да мақұл көреді. Сонымен Алдар екі шайтанның мойнына мінеді де ыңылдап: «Әләуләй, әләуләй, әләуләй, әриәйдім» деген өлеңін айтуға кіріседі. Шайтандар «Алдардың өлеңі бір таусылар» деп, әрі қарай жүре береді. Бірақ Алдардың «әләуләйі» таусылмайды. Әлгілер тағы шаршағасын:
Осы сенің «әләуләйің» қашан бітеді? дейді. Сонда Алдар:
«Әләуләйім» таусылса, «хәләуләй» дегенім тағы бар. Жүре беріңдер! дейді. Осылайша Алдар шайтандардың ит сілікпесін шығарып, баратын жеріне жетіп алыпты.
ӘЛШЕКЕЙДІҢ ӘЛПЕШКЕ САЛҒАН БІЛЕЗІГІНДЕЙ ЕКЕН
Шойнақ батырдың (ХVIII-ғасырда өмір сүрген) екі қызы болыпты. Солардың біріне Албандар, екіншісіне Дулаттар құда түседі.
Дулат биі Әлшекей құдалық жолын жасау орнына көп әскер әкеліп қыр көрсетіп, Шойнақтың ауылы маңына келіп, кернейлетіп, сырнайлатып жатып алады. Бұған ызаланған Шойнақ майдан ашайын десе, елден ұялып, Әлпеш деген жеңгесін Әлшекейге жібереді.
Әлшекейге баршы. Жолын істемей, алшаңдап бұл не жатысы? Хабарын әкел, дейді.
Әлпеш сәңқой әйел екен. Ол басқаны қойып, тіпті атының аяғына да білезік салғызып, жүреді екен. Ол биге келіп, аттан түспей:
Уа, Әлшекей, әкең ұл болып, шешең қыз болып көрмеді ме? Бұл не жатысың? Жолың қайда? деп айқай салады.
Шойнақтың жеңгесі астына мінген атының төрт аяғына түгел алтын білезік салып келіп тұрғанын көрген Әлшекей «бұлардан біз кем бе едік?» деп намыстанып, Әлпешті бар сыр-сипатымен күтіп алып, құдалық жолын екі-үш есе істеп, Әлпештің атының мойнына да білезік салып, құрметтеп аттандырыпты. Ел аузындағы «Әлшекейдің Әлпешке салған білезігіндей екен» деген әңгіме осыдан қалса керек.
Ұсынылған не, сыйланған заттың елден ерекшелігін, қораш немесе епетейсіздігін күлкі етіп сынаған жағдайда айтады.
ӘЛІ АУЫ МЕН БАУЫ БАР
«Еш нәрсе бітірмей, құр далбаңдап жүрміз, негізгі іс әлі алда» деген мағынада айтылады.
Ертеде бір арсың-гүрсің олақ әйел болыпты. Ол бірде көршісімен әңгімелесіп отырып:
Алты күн болды, дамбал тігіп жатырмын. Әлі ауы мен бауы бар. Желмін бе, құзбын ба? деп бөсіпті.
Алты күн дегенде «әлі ауы мен бауы бар болса», сонда ол не бітірген?!
ӘЛІ НЕСІН КӨРІПСІҢ,
ҚЫЛ ТАҚҚАН СОҢ ҚАҢҚЫЛДАР
«Бұл әлі бер жағы, түгел біткенін немесе нағыз өзін көрсең аузың ашылар еді», деген ойды бейнелеп айтқанда осы көз тіркесі қолданылады.
Ағаш шеберінің жасап жатқан затына сүйсінген біреу:
Ой, мынауың не деген тамаша дүние?! Жұп-жұмыр болып жұтынып тұр ғой өзі! депті. Сонда шебер сырбаздықпен: