Інісі қымыз алып, қайтып оралғанда, екеуі тап береді де, әп-сәтте шаруасын тындырады. Сөйтіп қымызға бас қояды.
Бір уақытта екі ағасының іштері ауырып, сол жерде жан тапсырады. Сөйтсе інісі: «Мен екі ағамды өлтірсем, бір қап алтын түгел өзіме қалады» деп, қымызға у салып әкелген екен. Үшеуі де сол жерде жан тапсырып, бір қап алтын далада қалыпты. «Ашкөздік кімге абырой әперген».
АШТЫҚТА ЖЕГЕН ҚҰЙҚАНЫҢ
ДӘМІ АУЫЗДАН КЕТПЕЙДІ
Ілгеріде болған ерекше оқиғаның естен кетпейтінін жеткізерде немесе жақсы күндерді еске түсіргенде осы бейнелі сөзді қолданады.
Бір жолы данышпаннан:
Дүниеде қандай тағам ең дәмді, әрі сүйкімді деп ойлайсыз? деп сұрапты. Әлгі данышпан сонда:
Дүниедегі ең дәмді тағам аштықта жеген тағам. Оның дәмі ешқашан ауыздан кетпейді, деп жауап беріпті.
Соған қарағанда, «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді», деп айтқан қазекем әрі данышпан, әрі көреген-ау.
АШУ ДҰШПАН, АҚЫЛ ДОС,
АҚЫЛЫҢА АҚЫЛ ҚОС
Қазыбектің аталас ағайындары Бертіс би мен Тілеуке би мұның ел ішіндегі абыройын көре алмай, жастарының үлкендігін малданып, оны бір күні шақырып алады. Әуелі Бертіс би тұрып:
Ақылы елден артылған,
Ақылың болса мақтан.
Ынтымағы жұрттан асқан,
Жақының болса мақтан.
Сенің жасың кіші ғой,
Ағаңның алдына шығудан сақтан! деп ескертеді.
Қазыбек оларға:
Бір бала бар
Атаға жете туады.
Бір бала бар
Атадан өте туады.
Бір бала бар
Кері кете туады! деп жауап береді. Мұның айтқанын ана екеуі кек тұтып, күні бұрын дайындап қойған адамдарына белгі береді Бұзықтар Қазыбектің үстіне шекпен жауып, сабамаққа айналады. Сол кезде аттың дүбірі естіледі. Бұл келген Қазыбектің кенже інісі Бөдене батыр екен. Ағайындарының ағасын оңаша шақыруынан қауіптеніп, асығып жеткен беті осы еді. Ашулы батыр ана екеуіне қылыш ала ұмтылады. Қазыбек інісін тоқтатып:
Шырағым, бір қолың ұрыс бастаса, екінші қолың арашашы болсын, Ашу дұшпан, ақыл дос, ақылыңа ақыл қос. Жауға сілтер қаруыңды жақыныңа сілтеме! депті.
Яғни, ашу үстінде дұшпаныңнан да бетер бір нәрсені бүлдіріп қоюың мүмкін, сондықтан сабыр сақта, ақылға кел, ақылыңмен дос үстіне дос арттырасың, деген даналыққа үндейді.
АЮ, АЮ, АЮ ЕДІ,
АЮ ДА БОЛСА, БАЙЫМ ЕДІ.
ҮҢГІР, ҮҢГІР, ҮҢГІР ЕДІ,
ҮҢГІР ДЕ БОЛСА, ҮЙІМ ЕДІ
Бұл сөз тіркесі: «Бәріне көніп, етім үйренген, енді өзге нәрсені қаламаймын. Мені жайыма қойыңдар», деген тілек, өтінішті білдіреді.
Ертеде бір ханның сұлулығына ақылы сай қызы болған екен. Оған бір аю ғашық болыпты. Қыз он бес он алтыға келген кезде, аю ебін тауып, оны әкетіп қалыпты. Содан қызды үңгірден шығармапты. Бір күндері қонжық бала тауыпты. Ол аяқтанып, өзіне-өзі келген соң, баласын ертіп, үңгірден шығуға рұқсат беріпті.
Қызы жоғалған хан уәзірлерін бүкіл даланы шарлап, тау-тасты, сай-саланы кезіп іздейді. Қызы өлді дегенге және қимайды. «Өлсе, неге өлігі шықпайды?» деп табаны таусыла іздеу салуын тоқтатпайды. Бір күні уәзірлері:
Хан ием, жыл артынан жыл өтті. Екі жыл болды, бір тынымсыз іздестірудеміз. Енді біраз көңіл сергітіңіз. Жаныңызға жігіттерді алып, аңға шығып, серуендеп қайтыңыз. Өзіміз-ақ іздестіруді жалғастыра берейік, дейді. Хан келісіп, аңға шығады. Саятта жүргенде ағаш арасынан қызы мен аю немересін көріп қалып, сарайына алып келеді.
Үйіне келіп, мауқын басып біраз жүрген соң қыз:
Аю, аю, аю еді,
Аю да болса, байым еді.
Үңгір, үңгір, үңгір еді.
Үңгір де болса, үйім еді, мен қайтайын, деп, әкесінен қоярда-қоймай рұқсат сұрап, келген жеріне қайтып кетіпті.
АЯҒЫҢНАН СҮРІНСЕҢ ДЕ,
АУЗЫҢНАН СҮРІНБЕ
Бұл жерде іс-әрекетіңмен қапы қалсаң да, сөзіңнен есе жіберме деген ойды айтып тұр.
Өткен ғасырда аға сұлтан болған Сандыбайдың Ердені найман Бәтеш деген жігітті өзінің үйінде қымызмұрындыққа жиналған жұртқа мақтап: «Осы жігіт елдің жағдайын ойлайды, халқының қажетіне жарайды», деп отырса керек.
Сол кезде Бәтеш атынан түсіп келе жатыр екен. Сонда Ерденнің мақтаған жігітін сынап көрейік деген кісілер табалдырықтан бір сүйем жоғары жіп керіп қойыпты. Қаперінде ештеңе жоқ Бәтеш:
Ассалаумағалейкум! деп кіре бергенде, жіпке сүрініп, ортаға топ ете түсіпті.