Қыз әкесіне дайындаған тамаққа бал мен қантты көбірек қосады. Ол тағамды жеген әкесі:
Менің тамағым неге басқалардікі сияқты дәмді емес, деп ашуланады. Сонда бұл сұраққа қызы жауап береді: «Астың дәмін қант пен бал емес, тұз келтіреді, әке», дейді. Сонда барып әкесі өз қателігін түсініп, қызынан кешірім сұраған екен.
Бұл жерде халық астың дәмін тұз келтірсе, үйдің сәнін қыз келтіреді деген ойға әкеп тіреп тұр. Иә шынында үйді сыпырып-сиырып, жинап, тазалап, ретке келтіріп, үйдің сәні мен әрін ашып отыратын қыз баласы емес пе. Ел арасында бұл мақалдың «Астың дәмін келтірген тұз әулие, елдің сәнін келтірген қыз әулие» деген нұсқасы да кездеседі.
АСЫҒЫС ТҮБІ ӨКІНІШ
Асығыс, қарбалас тірліктің шикі шығып, артынан әрқашан да өкініш тудыратыны бейнеленген Абай сөзі:
«Досыңа достық қарыз іс,
Дұшпаныңа әділ бол!
Асығыс түбі өкініш,
Ойланып алмақ сабыр сол».
АСЫЛ АСЫЛЫНА,НӘСІЛ НӘСІЛІНЕ
Бірде «ұрлық жасады» деп жарлы-жақыбайлау біреуді ханның алдына алып келіпті. Ол адам «тауып алдым, ұрлап алған жоқпын» деген сөзден танбапты. Ал талапкер болса, «әйтеуір жоғалған затым сенен шықты ғой, ұрлап алдың» деп қасарыса түскен екен. Сонда ақылды хан өз пікірін өз ішінде сақтай тұрып, уәзірлеріне: «Мына бейбаққа қандай жаза қолданамыз?» дейді. Бірінші уәзір: «Отқа тірідей өртеп жіберу керек» десе, екіншісі: «Қолын қол, бұтын бұт қылып, кескілеп өлтіру керек» дейді. Ал үшінші уәзір күлімсірей отырып: «Осы мен бір нәрсеге таңғалып отырмын», дейді. Жұрттың бәрі оның аузына қарай қалады. «Асыл асылына, нәсіл нәсіліне» деген бұрынғылардан қалған сөз бар-ды, сол рас па деймін. Мына уәзір «отқа өртеу керек» десе, екіншісі «кескілеу керек» дейді. Отты айтып отырған уәзіріміздің әкесі өмір бойы ұсталық құрған еді. Ал екіншісінің әкесі өмір бойы қасапшы болған-ды. Құдай ауыздарына қалай салып отыр десеңші»
Екі уәзір де төмен қарап, үнсіз қалады. Сонда хан:
Ал енді, өзің қандай уәж айтпақшысың? дейді әлгі уәзірге.
Ол тұрып:
Меніңше, бұл адам ұрлап алмаған. Түсіп қалған затты тауып алған. Бірақ тауып алған затын «оңай олжа» деп, алған да жүре берген. Ал, мұсылмандар маңайында тірі жан болмаса да, «мынау кімдікі?» деп үш рет айғайлап сұрауы керек. Бұл енді оның білместігі болған. Әңгіменің қысқасы: затын танып тұрған адам өз мүлкін алып жүре берсін. Ал мына жазаға тартылғалы тұрған адамға кешірім жасалық. Екіншілей қайталаса, осы уәзірлердің кесімі шешім болсын, депті.
Хан басын изеп: «Кең болғаннан кем болмаспыз, кез келгенді қыра беріп, ел болмаспыз» деген екен.
АСЫЛЫҚ АЙТПА,
АУЗЫҢДАҒЫ АСЫҢНАН ҚАҒЫЛАРСЫҢ
Бұл нақыл «артық айтып, шектен шықпа, тәубеңе түс» деген емеурінді аңғартады.
Отағасы үйіне кірмей жатып, бәйбішесіне:
Тамағың бар ма, ашығып келдім, дейді. Бәйбішесі:
Қазанға ет салып қойдым. Құдай қаласа, бұйыртса, пісіп қалар, дейді. Отағасы:
Ой, ет қазанға түскен болса, бұйырса да, бұйырмаса да жейміз ғой, дейді.
Содан ас дайын болып, енді әкелейін деп жатқанда, үйге екі нөкер баса көктеп кіреді. Үй иесін алдындағы асына да қаратпай ұстап алып, тұтқындап, апарып қамап қояды. Содан ол бірнеше күннен кейін ақталып, үйіне қайтып келеді. Есігін қақса, ар жағынан бәйбішесі:
Бұл кім? дейді. Сонда аузы күйген отағасы:
Бұйыртса, күйеуіңмін, деген екен.
«Асылық айтпа, аузыңдағы асыңнан қағыларсың», деген сөз содан қалыпты.
АСЫҢ ТҮГІЛІ, ТАБАҒЫҢ ҚАЙДА?!
Бұл сөз тіркесі «болар іс болып, бояуы сіңді, баяғыда қайда қалдың?!» -деген мағынада қолдынылады.
Қазақта астан кейін ет пен қамырды турап, нарын жасайтын әдеті. Сол дағды бойынша, үлкендер ет пен қамырды турайды. Үйдің бәйбішесі жас келінге табақты беріп:
Сырттан үстіне сорпа құйып әкел, деп жұмсайды. Дала қараңғы, ай тумаған екен. Келін сыртқа шыға бере сүрініп құлап, табағы «сатыр-сұтыр» ете қалады. Үйден енесі дауыстап:
Ой-бу-уй, жолда бұзау жатыр еді, асыңа абай бол! деген екен, келіні:
Асың түгілі, табағың қайда?! деп қойып қалыпты. Сөйтсе, бұзауға сүрініп жығылғанда, табағы ұшып кетіп, соны таба алмай сипалаңдап жүр екен.
АТ АЙНАЛЫП ҚАЗЫҒЫН ТАБАДЫ
Николай заманында Жетісу елінің атақты байы бір жылы жәрмеңкеде өзінің кекселеу болып қалған жүйрік айғырын үйірімен Әндіжаннан келген (Өзбекстандағы қала, елді-мекен) саудагерге сатып жібереді. Сол айғырдың жеке өзін келесі жылы жазда жайлауға шыққан малшылар «Мыңжылқы» өңірінен көріп қалып, байға хабар береді. «Қайтқан малда береке», деп бай айғырды ұстап алып, мойнынан құшақтап, маңдайынан сүйіп тұрып, көзіне жас алады. Өйткені, ол айғырдың Әндіжан жерінен осы «Қарқараға» жеткенше бір жылдай уақытта қандай қиыншылық көргенін ұғыну оңай емес еді. Үйірін айдап шығып, айырылып қалды ма, немесе жеке өзі қашып шықты ма, ол жағы беймәлім. Әйтеуір қуғынды көп көрген сияқты, атты адамды алыстан көргеннен қаша беретін, денесінің тілім-тілім болмаған жері аз, не болса да көп қиындықпен жеткен. «Жылқы жершіл», «Ат айналып қазығын табады» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Жақсы жылқы басы бос болса, қандай қашықтықта болмасын туып-өскен жеріне тарта береді, жануарлардың есі анау-мынау адамнан кем болмайды.