Кітап жазу барысында: «Асығыс жазып жатқан жоқсың ба?» деген сұрақтар көп болды. Атақты евангелист, венчерлік инвестор, «Apple» компаниясында жұмыс жасаған, талай стартаптың жолын ашқан идеялардың авторы Гай Кавасакидің3 «Егер сен бір нәрсеге қанағаттансаң, демек, ол затты жасауға кешіктің» деген жақсы сөзі бар. Кітап жазуға кімнің қаншалықты лайық екенін уақыт көрсетер. Мен қазір осы кітапты жазуға бел будым. Қандай да бір жетістігі немесе кем-кетігі болса, бағасын беру оқырманның еншісінде. Осы кітапты қолыңызға алып, маған, менің командама сеніп, сатып алып, оқып отырғандарыңызға алғысымды білдіремін.
Бұл кітапты, біріншіден, өзім үшін, өз нәпсімді тыю үшін жаздым, сондықтан да қатты айтсам, өзімді сынағаным, өзімді сөккенім деп біліңіз. Екіншіден, бұл кітаптың әр жолы түсінікті және жеңіл қабылдануы үшін «Сіз»-ден «сен»-ге өтуді жөн көрдім. Дұрыс қабылданар деп сенемін. Достардың арасындағы әңгіме-дүкен іспеттес, емін-еркін сыр ағыту үшін, осы жерден бастап ойымды «сен»-ге көшіп баяндаймын.
Тағы бір мәселенің басын ашып алайық: кітабымда қазақ тілінен өзге тілдегі сөздерді қолдандым. Мысалы, карьера, проблема, идеал сияқты. Бұл сөздердің қазақ тіліндегі баламаларының жоқтығынан немесе өз тілімді құрметтемегендігімнен емес, айтайын деген ойымның толыққанды жетуі үшін заманауи тілде, түсіндіргім келгендіктен.
Сонымен, бұл кітап неліктен «Екінші болма!» деп аталды, неге «Бірінші бол» емес? Өйткені, біріншіден кейін екінші, үшінші немесе төртінші болуы мүмкін. Ал бұл жерде біз анық біліп алуымыз керек: біздің бірінші жауымыз, алғашқы қарсыласымыз өзіміз ғана. Сондықтан бұл өмірде өзімізді не жеңеміз, не өзімізден жеңілеміз. Жеңсек бірінші, ал жеңілсек екінші боламыз. Бұл кітаптың жеткізетін негізгі ойы, бәлкім, пәлсапасы өзіңмен ғана жарысуға тиіссің, сенің бәсекелесің өзің ғана, сондықтан екінші болмай, бірінші болуға лайықсың деген тілекпен жазылған кітап.
Құрметті бауырым, қарындасым, әпкем, інім, ағам: Дәл саған кітабымның мысқалдай да болса пайдасы тисе бақыттымын, мақсатымның орындалғаны деп білемін.
Сондықтан осы кітапты бір деммен, басынан соңына дейін оқып шығасың деп сенемін. Сенің жеңіске жетелер алғашқы қадамың, бәлкім, осы кітаптан бастау алар, жол көрсетер бағдар болар. Солай болғай!
І ТАРАУ
БҰЛ КІТАП КІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН?
« RUMІ »-ДІҢ ХИКАЯСЫ:
2,5 жыл + 8 жыл
Алғашқы кітабымды неге сатып алдың? Болжап көрейін: «Қуаныш Шонбай екі жылда « Rumi »-ді осындай деңгейге жеткізді ғой, тренинг жасап жүр, осы бірдеңе білетін шығар, көрейінші, не жазып жатыр екен» деген оймен алдың. Ал мен белгілі бір нәтижеге жетпесем, ешкім болмасам, бұл кітапты сатып алмайтын, тренингтеріме де қатыспайтын ед i ң. Осыған байланысты бір оқиға есіме түсіп отыр. Жақында 2015-жылы Instagram да жазған постарымды қайтадан жүктеп көрдім. Сол кезде отыз сегіз like жинаған постар, қазір бір жарым мың like жинапты.
Өткенде маған бір жігіт келіп, сұрайды: «Қуаныш аға, сіз қалай екі жылда 10 миллион долларлық бизнес жасадыңыз? Сізден соны үйренуге келдім», дейді. «Оның алдындағы сегіз жыл қайда кетті?», деген сұрақ туындады менде. Сегіз жыл бойы оқығаным, білім алғаным, қателескенім... қайда? Барлығы соңғы екі жылды көреді, соны үйренгісі келеді. «Мақсатың бар ма?», «Алдымен жалқаулықтан арылайық», десем, «Қуаныш аға, оны үйренуге келген жоқпын ғой, маған қазір не істеу керегін айтыңызшы, соны жасай берейін», дейді. Сол кезде оның әлі көп нәрсені білмейтіні, үйрене алмайтыны анық көрінеді, бірақ амбициясының жоғары болуынан оны мойындағысы келмейді...
Менен журналистер де, қарапайым адамдар да бір нәрсені сұрайды: «Rumi»-ді қалай аштыңыз?», «Сізге бұл идея о баста қалай, қайдан келді?»... Қазір сол үшін көп сұхбат та бермеймін. Мені бұл жеңіске жеткізген осы сызбадағы сегіз жыл. Сол сегіз жылдың ішінде талай қателестім, үйрендім, білдім, көрдім, адыраспандардан арылдым.
Ал елдің көретіні, оларға белгілісі тек «Rumi» ашылғаннан кейінгі екі жыл. Егер кезінде банкрот болған бизнестерімнен сабақ алмасам, алпыс мың теңгелік мұғалімдік жұмыста істемесем, өзімді дамытпасам, бүгінгі күнгі жеткен нәтижемнің ешқайсысы болмайтын еді.
Баяғыда Пабло Руис-и-Пикассоға4 бір ауқатты адам суретке тапсырыс беріпті. Келесі күні тапсырысшы келіп, суреттің құнын сұрағанда, Пикассо: «100 000$» десе, тапсырыс беруші: «Неге 100 000$? Бір-ақ күн уақытың кетті ғой?», деп айтты деседі. Пикассо болса: «Бір күн және жиырма бес жыл» деп жауап береді.
Ал бізде, жұртшылықты қызықтыратыны сол: «Қалай осындай қысқа уақытта табысқа жетуге болады?», «Қуаныш мырза, сіздерде SMM-ге кім жауапты?», «Автоматизация жүйесі қандай?» бұның барлығы сырт көзге ғана көрінетін нәрселер. Бұдан да маңызды, өзіміздің менталитетімізге ғана тән, біз ғана біліп-түсінетін нәрселер бар. Жетістікке жетудің қазақша жолы болғандығының да, қазақ тілінде тренинг өткізіліп, кітаптың қазақ тілін де жарық көруінің, қазақ тілді аудиторияға бағытталғандығының да негізгі себебі осында.
ӨКІНІШ ҰЯТ. БАНКРОТ
Адамдардың көпшілігі осы кітапқа қатысты «Қуаныш білгенін, оқығанын аударып жаза салды» деген ойда қалуы мүмкін. Ондай сынға дайынмын. Бірақ ескеретін жайт: бұл кітаптың ерекшелігі мен оқыған алты жүз кітаптың қорытындысы іспеттес. Оған қоса, сол кітаптардан түйгенімді қолдану, жүзеге асыру, біздің менталитетті ескеру және соның нәтижесінде жүзеге асырылған тәжірибе. Бәлкім, білгенімді кейде дұрыс қолданбаған шығармын, соның салдарынан бір мүмкіндіктерді жіберіп те алған болармын. Сондықтан сенің де шалыс қадам баспауың үшін, өзіңнің емес, менің қателіктерімнен сабақ алуыңды сұраймын. Бұл кітапта мен баяндайтын әңгіме, келтіретін мысал, айтатын ақыл-кеңес өз басымнан өткен тәжірибеге негізделеді. Жазған мысалдарымның нәтижесі жақсы болса, бір жеңіске жеткенім, ал позорға (масқараға) немесе банкротқа ұшыраған кездегі мысалдар, дұрыс әрекет етпеудің, барымды қолдана алмауымның нәтижесі. Көз жасы дегенім кейде біліп тұрсам да, дұрыс жасамағаныма қынжылғаным.