Уә және назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса, өтірік арыз берушілер азаяр еді, бәлки жоғалар еді. Уә және әрбір болыс елде старшина басы бір би сайланғандық, бұл халыққа көп залал болғандығы көрініп, сыналып білінді. Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ.
Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» деп. Оның мәнісі тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере білінгендікпенен түссе, әйтпесе түспесе. Ол билерге даугер адамдар қалмай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке сайлап алып, біте берсе; егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай, бітім болар еді.
IV сөз
болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.
VII сөз
Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?
Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу кеткенін айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Ой, тәңірі-ай, кімнен кім артық дейсің!» дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз.
Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.
VIII сөз
Біреу болыс, біреу би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де үздік кісіміз, өздеріміз біреуге үлгі беріп, ақыл айтарлықпыз деп сайланды. Өздері түзеліп жеткен, енді елді түзерлігі-ақ қалған. Ол не қылып тыңдасын және тыңдайын десе де, қолы тие ме? Басында өзіндік жұмысы бар: ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, елдегі бұзақыларымызды бүлдіріп аламыз ба, немесе халқымызды бүлдіріп аламыз ба, яки өзіміз шығымдап, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба? деген ебіне қарай біреуді жетілтейін деп, біреуді құтылтайын деген бейнетінің бәрі басында, қолы тимейді.
Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны бәрі мал. Сөзді қайтіп ұқсын, ұғайын десе де, қолы тие ме? Ол малды суармақ, тойғызбақ; саудасын жиғызбақ, күзеттірмек, бақтырмақ, ұры-бөрі, қыс, суық-сұғанақ солардан сақтанбақ, солардан сақтарлық кісі таппақ. Оның бәрін жайғастырып, аяғын алып келіп мақтанға орналастырғанша қашан? Қолы тимейді.
Енді ұры-залым, сұм-сұрқия өздері де тыңдамайды.
Онша-мұнша қой жүнді қоңыршалар күнін де көре алмай жүр. Аналар анадай болып тұрғанда, білім, ғылым, ақылды не қылсын? Және де білім, ғылым кедейге керегі жоқтай-ақ: «Бізді не қыласың, ана сөзді ұғарлықтарға
айт!» дейді. Оның өзгеменен ісі жоқ, ана алдындағы үшеуіндей болған жанның ойында ешбір қайғысы, мұңы болмаса керек.
IX сөз
Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі. Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық кайрат, жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін. Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде «әттегене-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге.